«Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Баум тоғайында плоггинг өтті

15.04.2024 14:38

Іс-шара өтетін жерде қатысушыларға қоқыс пакеті мен қолғап ұсынылды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында жүгіруді қоқыс жинаумен біріктіретін қозғалыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара өтетін жерде қатысушыларға қоқыс пакеті мен қолғап ұсынылды.

Айта кету керек, іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Жүгіру канал маңында басталды, қатысушылар маршруттың ұзындығы шамамен 6 шақырым болатын тоғай бойымен үлкен айналым жасады.

– Өздеріңіз білетіндей, Алматыда қала әкімінің бастамасымен экологияға бей-жай қарамайтын мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. Акция барысында барлық қоқыс тазартылды. Экстремалды атлетика, «Бірінші болу батылдық» қоры, сондай-ақ Алматы тұрғындары атынан спорт қоғамдастықтары белсенді қатысады. Менің ойымша, плоггинг өте жақсы өтті. Экология тұрғысынан алматылықтардың мәдениеті өте жоғары. Қазақстан бойынша Алматы жасыл желекбойынша көшбасшы болып табылады. Қала тұрғындары экология үшін алаңдайтынын және экоакцияларға қатысатынын атап өткім келеді. Алматылықтар науқанды өте жақсы қабылдады, бұл қуанышты жайт, - деді Алматы қаласы спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Онжан.

– Плоггинг – бұл жай ғана жүгірмей, айналаны қоқыстан тазарту. Тоғайдағы барлық соқпақты қамтыдық. Біз халықаралық тәжірибені қолдандық - адамдар спортты әлеуметтік жауапкершілікпен біріктіреді. Біз пандемияға дейін экоплогинг жасадық, енді қайтадан осы қозғалысты бастадық. Ең кемі үш плоггинг өткізуді жоспарлап отырмыз, бірақ олардың санын көбейту керектігін ойланамыз. Менің ойымша, экологияға қамқорлық жасау өте дұрыс нәрсе, бұл адамдарды қоқысқа тастамауға үйретеді. «Тазалық жинаған жерде емес, сақтаған жерде» деген. Жалпы, мұндай акциялар адамдарды көптеп тартуға, мәдениетті болуды үйретуге мүмкіндік береді. Ол осындай жобалар арқылы жүзеге асады, - деді «Алматы марафоны» компаниясының операциялық директоры Ержан Бірімжанов.

Алматылық спорт клубының жаттықтырушысы Эльвира Зверева қаладағы экологиялық қозғалысты қолдауға келді.

– Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болғанын қолдаймын. Адамдар қоқыс шығаруға және не істеп жатқанына саналы түрде қарауы үшін керек. Меніңше, адам қоқысты тастаудың соңы неге әкелетінін көрсе, келесі жолы жауапкершілікпен қарайды. Мұндай іс-шаралар жұртшылықты экология мәселесіне және қалада тазалықты сақтауға тартады, - деді ол.

Ерікті ретінде плоггинг өткізуге Иван Краснов қол ұшын созып, ұйымдастырушылық жағына көмектесті.

– Мен жарыстарға жиі қатысамын, сондай-ақ ерікті болуға тырысамын. Бұл спортшыларға көмек және олардың әрқайсы жарыс өткізуге үлес қосып, оларға процесті жеңілдетуі керек деп санаймын. Жарыспен қатар плоггинг өткізуді ұйғардық. Жарыстан кейін қоқыс жинаймыз. Жалпы, біздің тұрғындардың экологияға деген көзқарасы өте төмен деңгейде. «Экология» және «экологиялық» ұғымы біздің қала тұрғындарына жат. Бірнеше метр жерде қоқыс жәшігі тұрса да, қоқысты жерде тастай салады. Адамдар қоқысты қайда тастау керек екенін түсінбейді. Олардың ойынша, артынан біреу тазалауы керек. Олар ұлттық саябақтарда ақша төлеген соң жинауы керек деп санайды. Бұл бізде мектеп қабырғасында, университеттерде де айтылмайды. Сондықтан экоидеяларды жаппай насихаттау керек деп санаймын, мүмкін сол кезде халықтың санасы оянып, қоқыс-қалдықты жинап жүреді, – деді алматылық Иван Краснов.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.

Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.

Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз

Оқи отырыңыз: Алматылықтар «Жасыл аула» науқаны арқылы тегін көшеттер алды