Алматыны көріктендірудің жаңа ережесі бизнес пен қала тұрғындарының жауапкершілігін анықтайды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл шаралар қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы қалалық ортаны құруға бағытталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова қала аумағын көріктендірудің бекітілген жаңа ережесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, шаралардың күшеюі уақыттың жаңа талаптарына байланысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Естеріңізде болса, биыл көктемде «Таза Қазақстан» жалпықазақстандық науқаны аясында Мемлекет басшысының бастамасын орындау бойынша іс-шаралар басталды. Осы бағытта қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен әр ауданды қамтыған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды. Оны іске асыруға мегаполистің барлық тұрғыны мен қонағы атсалысты. Алматы қаласының аумағын көріктендірудің жаңа ережесі, менің ойымша, ортақ жауапкершілік қағидатын заңдастырудың қисынды қорытындысы болып табылады. Бұл әрбір алматылықтың жауапкершілігін және қаланы тиісті жағдайда күтіп ұстауға қатысуы керек дегенді білдіреді», - дейді Әсия Ақанова.

Мәслихат депутаты жаңа ережеге сәйкес мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар енді сол оқиғадан кейін тазалау жұмыстарын жүргізуге міндетті екеніне назар аударды.

«Мәдениет жөніндегі бейінді комиссияның төрағасы ретінде еліміздің мәдени інжу-маржаны болып табылатын Алматыда көптеген ірі іс-шара үнемі өткізіліп тұратынын атап өткім келеді. Енді жаңа ережеге сәйкес, мұндай іс-шараларды ұйымдастырушылар бұқаралық іс-шара өтетін орынды тиісті күйге келтіруі керек. Бұл екі миллион халқы бар қала үшін өте маңызды, өйткені, өкінішке қарай, бір керемет іс-шарадан кейін гүл егілген жердің тапталған еді. Жаңа ереже осындай іс-шараларды өткізуді реттейді», - дейді ол.

Сондай-ақ ережеде шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің жауапкершілік аймағын айқындау жөніндегі тармақ жазылған.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту үшін көріктендіру төлқұжаты анықталды. Сыртқы келбетке, ғимараттардың қасбетіне, пандустарға қойылатын жалпы регламенттеу талаптары әзірленді. Бұл біздің қаламыздың инклюзия деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», - деп сөзін түйіндеді Әсия Ақанова.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19 шілдеде VIII сайланған мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясында депутаттар Алматы қаласының аумағын көріктендірудің жаңа ережесін бекітті. Бұл шаралар қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы қалалық ортаны құруға бағытталған.

Новости партнеров