Алматы қаласын абаттандырудың жаңа ережелері: мегаполистегі тәртіп үшін кім жауапты

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Құжатқа аудан әкімдігі мен нақты кәсіпкер екі жақты қол қояды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыны абаттандыру мен көркейтудің жаңа ережелері бекітілді. Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыратын кәсіпкерлер мен қала тұрғындары ластанған аумақтарды тазартуға міндеттеледі. Сондай-ақ қалалық мәслихат мақұлдаған жаңа жобада инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған тәртіп айқындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жаңадан бекітілген өзгерістер мегаполисті дамытуға сеп болады». Осылай деген халық қалаулылары жобаның қала келбетін түрлендіріп, одан әрі жайлы болуын қамтамасыз ететініне сенімді. Сондай-ақ енгізілген ережелерде шағын және орта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту үшін бірқатар тармақ қарастырылған.

– Абаттандыру мәселесіне байланысты бұрындары 42 ереже болса, қазір оның саны 172-ге дейін толықтырылып, қосымша қосылды. Атап айтсақ, жаңа санитарлық орындар пайда болады, «Таза Қазастан» акциясының аясында атқарылатын іс-шара халыққа үлгі болмақ, – деді қалалық мәслихат депутаты Бекбол Рамазан.

– Алматы – мәдениет орталығы. Бұл жерде көптеген ауқымды іс-шаралар, фестиваль, концерттер өтеді. Мегаполисте адам саны көп. Жаңа заңға сәйкес, бұқаралық іс-шара, жиын ұйымдастырушылары аумақты өздері тазалап, бастапқы қалпына келтіруі тиіс. Бұл – өте өзекті мәселе, – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Қаланы абаттандыру бойынша енгізілген жаңа ережелер 2013 жылдан бері қолданылмаған арнайы паспортты қайта іске қосуға септігін тигізді. Ресми құжат көгалдардың, қасбеттердің жай-күйіне, сондай-ақ пандустар, қоршаулар сынды барлық көше элементтерімен жабдықтауға қатысты талаптан тұрады.

– Абаттандыру паспорты – бұл жергілікті аудан әкімдіктерінің өкілдері мен меншік иелері арасындағы екіжақты қол қойылатын құжат. Олар – кәсіпкерлік субъектілері, жеке және заңды тұлғалар. Құжат абаттандыру субъектілерінің, іргелес аумақтардың қасбеттік бөліктерін күтіп-ұстауға, жөндеуге мүмкіндік береді, – деді Коммуналды инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкенов.

Еске салайық, өткен аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар мегаполисті көріктендіруге бағытталған жаңа ережелерді бекітті. Жобаның басты мақсаты – тұрғындарға қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы орта құру. Депутаттар атап өткендей, жаңа заң коммуналдық қызметкерлердің де, кәсіпкерлердің де, қала тұрғындарының да жауапкершілігін күшейтеді.

Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының Қарасай батыр көшесі жабылады

Новости партнеров