Алматы – ортақ үйіміз: Наурызбай ауданында 45 бірлік техника жұмылдырылды

08.04.2024 20:40

Сенбілікке 130-дан аса адам қатысты

Almaty.tv

Оңтүстік астанада ауқымды тазалық жұмыстары басталды. «Алматы – ортақ үйіміз» науқаны республика бойынша бастау алған «Таза Қазақстан»  акциясы аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шаһардың барлық ауданында сенбілік, тазалау, абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Наурызбай ауданында атқарылатын шаруаға 45 бірлік техника мен 130-дан аса адам жұмылдырылған. Науқанның алғашқы аптасында қалалық инфрақұрылымды реттеуге көңіл бөлінбек.

– Сенбілік аясында ашық жатқан жерлерде қоқыс шығару, көшелерді тазалау, санитарлық ағаш қырқу, жарық шамдарын авариялық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деді  Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Оңалбек Қыдырбаев.

Алатау ауданында да көшелерді, аялдамаларды тазалауға арнайы техникалар тартылған. Науқанның басты мақсаттарының бірі – халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу.

– Аудан бойынша тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Қалаға деген ұстанымды бірге көрсетейік» деп тұрғындары акция қатысуға шақырамыз, – деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Талғат Аманжолов.

Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын бастады