«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Алматы облысында да жалғасып жатыр. Науқан аясында өтіп жатқан «Киелі мекен» апталығында өңірдегі тарихи-мәдени орындар тазаланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл ауданының құрметті азаматтары, Жазушылар одағының мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары тұрғындармен бірлесе ауқымды жұмыс атқарды. Оның аясында мәдени және киелі жерлерде 60-тан астам ағаш отырғызылып, ескерткіштердің аймағы абаттандырылды.
Ақындар мен батырлар елі атанған қасиетті Жамбыл ауданында мәдени, киелі жер аз емес. Іс-шараға қатысушылар «оларды таза ұстау – ата-баба мұрасын сақтауға елеулі үлес қосу» дейді. Олар «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Науқанға үлес қосушылар жәдігердің маңына 30-дан астам көшет отырғызып, жасыл желекті көбейтті.
– «Жасыл ел» бағдарламасы аясында тарихи ескерткіштер аумағын көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызып жатыр. Бұл – тарихи мұраны сақтап қалудың жолы деп ойлаймын. Алдағы уақытта халыққа насихат ету, болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізу – оларға үлгі болмақ, – деді «Таңбалы» қорық-музейі директорының орынбасары Ринат Шәріпов.
Республика бойынша жарияланған тазалық акциясы бірнеше кезеңге бөлінген. Ал кешеден бері ел аумағында «Киелі мекен» апталығы жалауын көтерді.
– Президентіміздің тапсырмасына сай, аудан аумағында үлкен акция жүріп жатыр. Бүкіл Қазақстанда сенбілік ұйымдастырылып жатыр. Акция аясында үлкен іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол кестеге сәйкес жұмыс істеп келе жатырмыз. Негізгі мақсат – еліміздің аумағын тазарту, – деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас.
Отырғызылған көшеттерді мекеме қызметкерлері күтіп-баптайтын болады. Науқанға қатысушылар өсімдіктер тамыр жайып, жасыл аймақ көркейе түседі деген ниет білдірді.
Гүлмарал Изатқызы, Айдана Нұраш, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы