Жасыл аула: Алматыда көгалдандыру науқаны басталды

23.09.2024 в 21:03

Акцияға қатысатын тұрғындар ағаш отырғызғаннан кейін фотоесеп ұсынуы қажет

Алматыда бүгіннен бастап «Жасыл аула» акциясына өтінім қабылдау басталды. Оның аясында қала тұрғындары көппәтерлі үйлер мен қоғамдық кеңістіктерге отырғызатын ағаш көшеттерін тегін ала алады. Шаһарды көгалдандыруға арналған науқан биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалғасын тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылына 2 рет көктем және күз мезгілінде жүргізілетін «Жасыл аула» акциясы тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен белсенділігін арттыруға бағытталған. Шаһар жұрты арасында танымалдылыққа ие болып келе жатқан науқанға өтініш бүгіннен бастап қабылданып, 4 қазанға дейін жалғасады. Ол үшін арнайы электронды поштаға аты-жөні мен көшеттерді отырғызатын орынды көрсетіп, сұраныс жіберсе болғаны. Акцияға қатысқандар кейін ағаштарды суретке түсіріп, есеп ұсынуы шарт.

Акция аясында ағаш егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Белсенді қатысып жатырмыз. Көршілермен ақылдасып суғарамыз, – деді қала тұрғыны Әсем Бекбосынова.

Науқан тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болды. Көктемде 200-ден аса өтімін қабылданып, 3000-нан аса көшет таратылды. Өтініш берген әр адамға 20-дан артық көшет берілмейді. Осы жолы да экологияға жанашыр азаматтар белсенді қатысады деп отырмыз, – деді Экология және қоршаған орта басқармасы Жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің бас маманы Мейіржан Бағатиев.

Ал қаладағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Алматыда 800-ге жуық қоқыс контейнерін ауыстырып, қосымша 2 мыңнан астам тереңдетіле көмілген жаңасын орнату жоспарланып отыр. Бұл кезегінде қалдық тастайтын орындарда жағымсыз иістің болмауының алдын алып, ит-құстың қоқыс маңында жиналмауына әсер етеді.

Биыл  Экология және қоршаған орта басқармасы ескі жерасты контейнерлерін ауыстыру жұмыстарын бастады. Жылдың аяғына дейін 786 контейнерді ауыстыру жоспарланып отыр. Орнататын 1 жерасты контейнеріне 3 еуроконтейнер қалдығы сияды, – деді Экология және қоршаған орта басқармасы қалдықтарды басқару бөлімі басшының міндетін атқарушы Әлинұр Бәкенов.

–Бізді жиі алаңдататын мәселе – тұрғындардың жиһаз, құрылыс заттары, тұрмыстық техника секілді қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауы. Бірақ қазір айыппұл салынады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындар оны біле бермейді, – деді Тұтыну кооперативі төрағасы Сәлима Бекеева.

Алматы қаласын көріктендіру ережесіне сәйкес, кәсіпорындар, мекемелер және жеке тұлғалар жиһаз, құрылыс заттары мен тұрмыстық техниканы өздері шығаруы тиіс немесе қоқыс шығаратын ұйымдармен келісімшарт жасасуы керек. Қолға алынған іс-шаралар қала тұрғындары үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Ескі жиһаз және құрылыс қалдықтары: үлкен қоқыстарды қайда шығару керек