«Таза Қазақстан» акциясына жаңа бастама қосылды
Алматыда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба таныстырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«ECO CLUB MEDEU» деп аталатын ұйым «Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылды. Қауымдастық құрамына табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын жастар, еріктілер және экологиялық жобалардың авторлары енген.
Белсенділер пластик, алюминий қалдықтары мен пайдаланылған батареяларды жинау, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық шеберлік сабақтарын өткізу, сенбіліктер ұйымдастыру және ағартушылық жобаларды жүзеге асыру сияқты бастамаларды ұсынды.
Сонымен қатар жиында бизнес өкілдерімен әріптестікті кеңейту мәселесі де көтерілді.
Атап айтқанда, сусын өндіруші кәсіпорындарды қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жобаларын қолдауға шақырды. Өйткені қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін қалдықтардың бірі – пластик бөтелкелер.
Ұйым мүшелерінің пікірінше, табиғатты қорғау әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Жаңа экологиялық қауымдастықтың жұмысы да осы қағидаттарға негізделген.
«Біз көптеген сенбіліктерге қатысамыз. Сонда түрлі танымал брендтердің пластик бөтелкелерін жиі кездестіреміз. Сондықтан ірі компаниялар өз өнімдерінің қаптамасында тек коммерциялық ақпаратты ғана емес, оны қайта өңдеу жолдары туралы да мәлімет беруі немесе қайта өңдеу жобаларын қолдап, осы бағыттағы жұмыстарға өз үлесін қосуы қажет деп есептейміз», — деді қалалық «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары Омар Мохаммедсаруар.
Оқи отырыңыз: Атырауда абаттандыру қағидаларын бұзғандар дрон арқылы анықталды