Экологиялық бастама әскери қызметшілерді қоршаған ортаны қорғау жолындағы ортақ мақсатқа жұмылдырды
Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 20 мыңнан астам әскери қызметшісі "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясына қатысып, ел аумағындағы әскери бөлімдер мен оларға іргелес аумақтарды тазалап, абаттандыру жұмыстарына үлес қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Акция аясында ұландықтар әскери бөлімдердің аумағын және оған жақын орналасқан жасыл аймақтарды тазалап, қоқыс, құрғақ шөп пен түрлі қалдықтарды жинады. Сонымен қатар аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тазалық пен тәртіпті сақтауға атсалысты.
Экологиялық бастама әскери қызметшілерді қоршаған ортаны қорғау жолындағы ортақ мақсатқа жұмылдырды. Бірлескен еңбек аумақтардың тазалығын жақсартуға ғана емес, жеке құрам арасындағы командалық рух пен ортақ іске деген жауапкершілікті нығайтуға да ықпал етті.
Ұлттық ұланның акцияға қатысуы Мемлекет басшысының бастамасын қолдаудың және әскери қызметшілердің қоғамдық маңызы бар жобаларға белсенді атсалысуының көрінісі болды. Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
"Таза Қазақстан" акциясына қатысу арқылы ұландықтар қоршаған ортаны қорғау мен туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсында бақылаушы мәртебесін алды