Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам киім қоқысқа кетеді
Сәнді киінемін деп, табиғатқа зиян келтірмеңіз. Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам тоқыма бұйымдары қоқысқа тасталады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуіне сәйкес, соңғы 15 жылда әлем халқының текстиль өнімдерін тұтыну көрсеткіші 60 пайызға артқан. Экологтар киімді жиі ауыстыратындарды ойланып әрекет етуге шақырады. Себебі мұндай әдет ғаламдық климаттың өзгеруіне әсер етіп отыр. Сән әлемі жылдам өзгеріп жатқанда көштен қалмай, қоршаған ортаға зиян келтірмей тепе-теңдікті сақтау мүмкін бе? Бұл туралы Аlmaty.tv тілшісі тарқатады.
Көйлек пен шалбарды әбден тозғанша киетіндер бүгінде саусақпен санарлық. «Fast fashion», яғни жылдам сән үрдісі адамдардың тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгертті. Көштен қалмаймыз деп, жарассын-жараспасын жаңа киім сатып алатындар көбейген. Алайда мұндай әдеттің табиғатқа орасан зиян келтіріп жатқаны туралы көпшілік ойлана бермейді. Қоқысқа тасталған киім-кешек метан, көмірқышқыл газы және өзге де зиянды заттарды бөледі. Мамандардың айтуынша, жеңіл өнеркәсіптен бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемі әуе және су көліктерінен шығатын қалдықтардан да көп.
«Менің гардеробым экологияға қалай әсер етеді деп сұрасаңыз, жауабы қарапайым. Біз киімді қаншалықты жиі ауыстырып, қоқысқа тастасақ, оның атмосфераға тигізетін зияны да соншалықты артады. Бұл климаттың өзгеруін жылдамдатады. Мысалы, биыл Астанада ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілсе, он жылдан кейін бұл көрсеткіш 45 градусқа жетуі мүмкін. Бұл – ғалымдар мен экологтардың болжамы», — деді экобелсенді Әйгерім Құсайынқызы.
Киім қалдықтарынан қоршаған ортаны қорғау мәдениеті елімізде баяу болса да қалыптасып келеді. Сәннің соңынан қумай-ақ талғаммен киінетіндер де бар. Солардың бірі – 23 жастағы Дильназ Ерланова. Ол гардеробын жиі жаңартпас үшін киімнің сапасына мән береді. Бағасы қымбат болса да, сапалы өнімді ұзақ уақыт пайдалануға болады.
«Киім де – қалдық. Уақыты келгенде қоқысқа тасталады. Қазақстанда тоқыма бұйымдарын қайта өңдейтін зауыттар көп емес. Сондықтан ескі киімді лақтырмай, оған екінші өмір сыйлау керек деп ойлаймын. Себебі сән үрдістері қайта айналып келеді», — деді қала тұрғыны Дильназ Ерланова.
Ал сәннен қалмайтын астаналық Жайна киімді жиі сатып алатынын айтады. Алайда қоршаған ортаға келетін зиянды білетіндіктен, ескі киімдерін арнайы қабылдау орталықтарына өткізеді.
«Иә, мен киімді жиі ауыстырамын. Айына төрт-бес рет жаңа киім сатып аламын десем де болады. Жұмысыма байланысты бір айда 30 түрлі образ киетін кездерім болады. Меніңше, сәннің жиі өзгеруіне әлеуметтік желілердің әсері зор. Сонымен қатар, көп адам бір киімді қайта-қайта кисе, өзгелер не ойлайды деп алаңдайды», — деді қала тұрғыны Жайна Бердалы.
Десе де, табиғатқа жанашыр азаматтардың қатары көбейіп келе жатқаны байқалады. Тіпті жаңа Конституцияда да экология мәселесіне ерекше мән берілген. Сондықтан әр адам ескі киімін қоқысқа тастамас бұрын, оған екінші өмір сыйлауға бола ма деген сұраққа жауап іздегені абзал.
Асыл Махметов, Аман Таңатаров, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Конституциялық Сот бірқатар лауазымды тұлғаны қайта тағайындауға қатысты норманы қолдану тәртібін түсіндірді