Олжас Бектенов: Қоршаған ортаны қорғау – конституциялық міндет

03.07.2026 15:25

Бұл қағидалар «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаттарымен толық үндеседі

Қоршаған ортаны қорғау – енді әрбір қазақстандықтың Конституцияда бекітілген негізгі міндеттерінің бірі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Оның айтуынша, бұл қағидалар «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаттарымен толық үндеседі.

Премьер-министрдің сөзінше, жыл басынан бері еліміз бойынша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, елдімекендерді көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі 37,5 пайызға жеткен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға жастарды, еріктілерді, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерін кеңінен тартуды тапсырды.

«Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Президент Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады