Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру: Қазақстанда ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр

03.07.2026 15:41

Жыл басынан бері 45 мыңға жуық ұсыныс енгізілді 

Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің тергеушілері қылмыстық істерді тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыныс жолдаған. Қылмыстың жасалуына жол берген әрекетсіздігі үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып жатыр.

Атап айтқанда, халық көп жиналатын орындарға екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған.

Жол апаты жиі болатын 155 қауіпті учаскеде жарықтандыру жүйесі жаңартылып, қосымша бағдаршамдар, жол белгілері мен таңбалар қойылған. Сондай-ақ 56 нысанда күзет күшейтіліп, қауіпсіздік жүйелері жаңартылған.

Бұдан бөлек, шығынды өтеу мақсатында жалпы құны 29 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынған.

«Жыл басынан бері тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекеттік органдарға 45 мыңға жуық ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық шара өткізілді. Қайта қылмыс жасаған шартты түрде сотталған 8 адам бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтарға өтемақы тетіктері қарастырылған», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Қоршаған ортаны қорғау – конституциялық міндет