Президент: Елді көркейту – ұлттық намысқа қатысты маңызды міндет
Мемлекет басшысы елді мекендерді абаттандыру, тазалықты сақтау және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев әр азамат өзі тұратын ауыл мен қаланың дамуына үлес қосуы қажет екенін атап өтті.
«Еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал.
Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер бар», – деді Президент.
Мемлекет басшысы аймақтарды дамыту ісін тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайтынын айтты. Бұл міндетке азаматтар мен кәсіпкерлер, қоғамдық институттар да белсенді атсалысуы қажет.
«Біз бірлігімізді нығайтып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.
Билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет етсе, ауыл да, қала да, яғни, тұтас мемлекет өсіп-өркендейтіні анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қалалар мен көшелерді, саябақтарды таза ұстау елдің жаңа тұрпатын қалыптастырумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қалаларды, көшелерді, саябақтарды тазалықта ұстау, еліміздің жаңа тұрпатын қалыптастыру бұл – бүкіл халқымыздың болмысын өзгерту, мемлекетімізді дүние жүзіндегі ең өркениетті елдердің қатарына қосу деген сөз.
Бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.