«Таза Қазақстан»: Атырау облысында қоршаған ортаны ластағандар жауапқа тартылды

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 100-ден астам арнайы рейд жүргізген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны ластаған 4 мыңға жуық тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Полицейлер мекемелер тарапынан да заңбұзушылықтар анықталып жатқанын айтады. Мәселен, Жылыой ауданындағы кәсіпорындардың бірі өндірістік қалдықтарды қала сыртына заңсыз төккені үшін жауапқа тартылды.

Республикалық экологиялық науқан аясында қоршаған ортаны ластап, қоқыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерлерге төгетіндерге бақылау күшейтілген. Жуырда полиция қызметкерлері Құлсары қаласындағы мердігер мекеменің қоқысты заңсыз төккенін анықтады. Нәтижесінде кәсіпорын басшысы жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 100-ден астам арнайы рейд жүргізіп, 4 мыңға жуық тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырған.

– Аталған факті бойынша жауапты мекеме ортақ пайдаланылатын орындарды ластау және қала инфрақұрылымына кедергі келтіру дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар аумақты толық тазалап, ретке келтіру жөнінде нұсқама берілді. Полиция қоршаған ортаны ластауға және қоқысты белгіленбеген орындарға төгуге жол берілмейтінін ескертеді, – деді Жылыой ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Нәсіпкерей.

Жалпы, биыл Атырау өңірінде 200-ден астам сенбілік өткен. Бұған қоса, экологиялық білім беру бағытындағы ашық сабақтар, акциялар мен форумдарға 45 мың 600 оқушы мен жас эколог қатысқан. Облыста 8 «жасыл балабақша» және 200-ден астам «жасыл клуб» жұмыс істейді. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобалар қолға алынған.

– Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында 2026 жылы 285 іс-шара ұйымдастырылды. 94,7 мыңнан астам адамның қатысуымен 237 сенбілік өткізіліп, 7867 тонна қоқыс шығарылды. 18 429 ағаш көшеті отырғызылып, 10 136 аула тазартылды. Облысымызда Мемлекет басшысының орман алқаптарында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу тапсырмасы жүзеге асырылып жатыр, – деді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сыдықова.

Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында экологиялық ағарту жұмыстары, экосағаттар мен ауқымды фестивальдер өткізу жоспарланған. Экологиялық науқан жыл соңына дейін апта сайын жалғасады.

Жұлдыз Қайратқызы, Almaty TV, Атырау облысынан.