Жобас аясында республика бойынша 2 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ел көлемінде кең қолдау тауып келеді. Жоба басталғалы бері екі жылдың ішінде республика бойынша 2 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық көшет отырғызылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Табиғатты қорғау бір күндік акциямен шектелмей, қоғамның тұрақты мәдениетіне айналуы тиіс. Осы бағытта жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы көтерілгелі 1 жарым мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Оған 6,5 миллионға жуық адам қатысса, оның 780 мыңнан астамы еріктілер. Бұл көрсеткіштер қоршаған ортаны қорғау ісі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндетіне айналып келе жатқанын аңғартады.
«Биыл 214 экологиялық іс-шара өткізілді, 416 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Еріктілерді қоса алғанда, елімізде 4 млн-ға жуық адам экологиялық іс-шараларға қатысты. Акцияның елімізге пайдасы тиіп жатыр. Экологиялық мәдениетті арттырудан бөлек, қоқыстың азайғанын, аулалардың тазарғанын және де аллеялардың тазаланғанын, халықтың сыртта емін-еркін демала алғанын көзімізбен көріп отырмыз», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Цифрландыру басқармасының басшысы Қазыбек Жұмаділда.
Қала көшелерінің таза болуы – экологияны жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Таза әрі көрікті орта тұрғындардың өмір сүру сапасын да арттыратыны сөзсіз. Осы бағытта елордадағы «Астана Тазалық» мекемесі жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Мекеме қызметкерлері күн сайын көшелерді, саябақтарды, қоғамдық орындарды тазалап, қаланың санитарлық жағдайын сақтауға үлес қосуда.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоғамда адамдардың тазалыққа деген көзқарасы оң бағытта өзгеріп келеді. «Астана Тазалық» мекемесінің негізгі қызметі қаламыздың санитарлық тазалығына жауап беру. Сонымен қатар әрбір тұрғынның, әрбір азаматтың тазалыққа және экологиялық мәдениетке деген саналы әрі оң көзқарасын қалыптастыруға үлес қосады. «Астана Тазалық» мекемесінде күн сайын 250-ден астам техника мен 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді», – деді «Астана тазалық» ЖШС баспасөз хатшысы Қымбат Қомытова.
Экология мамандарының айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері елде бірқатар оң өзгерістер байқалған. Соның ішінде ауа сапасының жақсаруы, жасыл аймақтардың көбеюі және тұрғындардың экологиялық мәдениетінің артуы ерекше аталады. Дегенмен мамандардың пікірінше, бұл бағытта атқарылар жұмыс әлі де көп.
«Әлі жетіспейтін дүние – халық арасында қоқыстарды сұрыптау, қайта өңдеу, суды үнемдеу, таибиғи ресурстарды үнемдеу. Тұрғындар әлі үйрене алмай жатырмыз, бағытта дамуымыз қажет», – деді эколог, Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті қоршаған ортаны қорғау маманы Жадыра Нұрт
Ауқымды экологиялық жұмыстар қолға алынғанымен, елдегі қоқыс көлемі әлі де азаймай отыр. Мәселен елордада 2021 жылы 10 мың 567 тонна қоқыс шығарылса, биыл көктемнен бері жиналған қалдық көлемі 6 мың тоннадан асып отыр. Жауаптылар мұндай өсімді халық санының көбеюі және инфрақұрылымның кеңеюімен байланыстырады. Қалай болғанда да, қаланың тазалығы әр тұрғынның жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан қоқысты арнайы орындарға тастап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға атсалысайық.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Тыныштық мекені: Жетісу облысындағы ауылда 5 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген