Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды
«Елімізде 1 миллион 300 мың тал егілді. Бұның бәрі аз шаруа емес». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан істерге тоқталды. Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды. Оның сөзінше, бұл бір реттік экологиялық акция емес, күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту. Бұл – Мемлекет басшысы алға тартқан берік ұстаным. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өткізілген. Оған 7 миллион адам білек сыбана кірісіп, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылған. Елімізде 1 миллион 300 мың тал егілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл еңбек – ел азаматтарының Отанға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы» деп бағалады.
Сонымен қатар Президент нағыз отаншыл азаматтарды мемлекет марапаттауы керек екенін айтып, бұл құрметті міндетті алдағы Тәуелсіздіктің мерейлі тойында орындайтынын жеткізді.
«Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін, бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы», – деді Мемлекет басшысы.
Ал Алматыны «Бақ-қалаға» айналдыру жұмысы жалғасып жатыр. Биыл Экология басқармасы қала аумағына 500 мыңға жуық бұта мен 6,5 мыңнан астам ірі ағаш отырғызған. Оның ішінде шаһардың климаттық жағдайына бейімделген өсімдік түрлері таңдалған. Мысалы, ырғай, дерен, бөріқарақат және тобылғы сияқты бұталар егіліп жатыр. Ал 2030 жылға дейін Алматыда бір миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.
«Бүгінде мегаполиске кезінде ел аузында болған гүлденген бақ-қала бейнесін қайтару аса маңызды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да ерекше мән беріп отыр. Алматыны жасыл қала ретінде қайта қалыптастыру үшін тек отырғызылатын ағаштың санына емес, олардың жерсінуіне, климатқа сай түрлерін дұрыс таңдауға және кейінгі күтіміне де көңіл бөлу қажет. Осы мақсатта қалада көшет өсіретін тәлімбақтар желісі құрылып жатыр», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
«Тазалық» ұғымына көз жұмып қарамай, ел келешегі үшін экологиялық акцияларға белсене кірісіп жүрген азаматтар саны жыл сайын көбейіп жатыр. Өйткені, көпшілік қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрбір тұрғынның жеке мәдениеті әрі Отанға деген құрметі екенін жіті бағамдап келеді.
«Мемлекет басшысы тазалықтың ұлттық стандартын енгізу туралы бастама көтерді. Меніңше, бұл – «Таза Қазақстан» акциясының жаңа кезеңі. Біз, қоғам белсенділері ретінде, Алматының әртүрлі жеріне ағаш отырғызуға атсалысып жүрміз. Сонымен қатар ағаштарға күтім қажет жерлер туралы тиісті органдарға хабарлап отырамыз. Алматының жасыл қала мәртебесін сақтау – ең алдымен қолға алынуы тиіс міндеттердің бірі. Бұл іске қаланың әр тұрғыны үлесін қосуы керек», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Рүстем Қайрыев.
«Әрбір азамат экологиялық мәдениетті қалыптастыруда үлкен жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Қазіргі таңда «Әdilet» партиясы да бұл «Таза Қазақстан» жобасын әділетті Қазақстан құрудағы ең басты идеологиялық бағыттардың бірі деп санайды. Көптеген 100-ге жуық тазалық акциясына қатысып, мыңнан аса түп ағашын отырғызып, 5 мыңнан астам партияластарымыз үлесін қосуда», – деді «Әdilet» партиясы Алмалы аудандық филиалының төрағасы Айдар Күнтубай.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, уақыт талабына сәйкес, елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу керек екеніне ерекше тоқталды. Экологиялық науқанның ұлт болмысына озық өзгеріс әкелген бірегей жоба екендігін алға тартты.
Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда қалдықтың қалай пайдалы затқа айналғанын көрсетті