Желіде Ақтаудағы көше қиылыстарының бірінде жолақты өзі салып, бояп жатқан ер адамның бейнежазбасы пайда болды. Бұған қатысты Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде тараған видео басылымның Instagram парақшасында пайда болды. Кадрдан ер адамның қаладағы көше қиылыстарының бірінде жаяу жүргіншілерге арналған жолақты өзі салып, ақ түсті бояумен бояп жатқанын байқауға болады. Бір қызығы, ер адам салып шыққан сызықтың барлығы да қисық болып шыққан. Басылымның жазуынша, видеоға қатысты жергілікті блогер пікір жазған. Оның айтуынша, видеодағы ер адам 17 шағынауданда орналасқан жекеменшік мектептің қызметкері.
Көше қиылысында көлік көп жүретіндіктен, оқушылардың ата-аналары мектеп басшылығынан жаяу жүргіншілер үшін арнайы жолақ сызуды өтінген.
Видеоға қатысты Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де пікір білдірді.
Бөлім өкілдерінің хабарлауынша, аталған видеодағы тұрғынның қалалық коммуналдық мекемеге қатысы жоқ. Коммуналдық мекеме қызметкерлері тұрғынның салып кеткен сызықтарын стандартқа сәйкес етіп түзететін болады. Сондай-ақ Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бүгінгі таңда Ақтау қаласында көлік жүретін орталық жолдардың бойындағы таңбаларды жаңарту жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Аталған жұмыстар барысында бірінші кезекте шағын аудандардағы орталық магистралдық жолдар қамтылып отыр. Биыл 36 865 м² жол таңбасын жаңарту жоспарланған. Қазіргі таңда соның 35 220 м²-сі орындалды. Сонымен қатар орталық жолдардағы жол таңбаларын жаңарту жұмыстары аяқталып жатыр. Енді мамандар шағын аудан ішіндегі жолдар бойындағы жол таңбаларын жаңарту жұмыстарын бастайды", - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматыда биыл екі жүзден астам көше жөндеуден өтеді