9 наурызда Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала әкімі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін өткен жылы жалпы ұзындығы 15 км болатын 18 көшеге орташа жөндеу жүргізілген. 1,3 км тротуар желісі салынды және 8 мекенжайда тротуарлар ретке келтірілді.
"2023 жылы жалпы ұзындығы 16,6 км болатын 26 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Әуезов көшесі Райымбек даңғылына дейін ұзартылды. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша 3 көшеге бір бағыттағы қозғалыс енгізілді", – деді қала әкімі.
Тұрғындардың тілектерін ескере отырып, әкімдік өткен жылы 2 автобус маршрутының қозғалыс схемасына өзгерістер енгізді, 10 жаңа аялдама жабдықталды. Осы жылдың қыркүйек айына дейін тағы 7 жаңа аялдама орнату жоспарланған.
"Жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында биыл Алмалы ауданының аумағынан өтетін 18 маршрутқа 309 жаңа автобус сатып алу жоспарда бар (Алматыэлектротранс – 226 бірлік, жеке меншік тасымалдаушылар – 83 бірлік, №12, 30, 56, 80, 124, 59, 70, 77, 118, 32, 92, 37, 44, 99, 18, 19, 17, 13 маршруттарда)", – деді Ерболат Досаев.
Қала әкімінің айтуы бойынша, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы Байсейітова (5), Абылай хан (2), Тілендиев (1), Бөгенбай батыр (1), Төле би (1), Розыбакиев (1), Құрманғазы (1), Гоголь (1) көшелеріне 13 жаңа бағдаршам орнатылды. Қажеттілікке байланысты әкімдік осы жылдың мамыр айының соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастап, тағы 16 бағдаршам объектісін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отыр.