Алматыда жол ережесін бұзған такси жүргізушілері "Сергек" камералары арқылы анықталатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бақылау органы ретінде қаладан негізгі шығу жолдарындағы көлік қозғалысы жағдайының шиеленісуіне байланысты қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіреді.
"Кейбір азаматтар такси қызметін көрсететін өтіп бара жатқан көліктерді тоқтату мақсатында жол бойында қол созып, өз әрекеттерімен жол бөлігін жасанды тарылтып, көлік кептелісі мен төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соқтырады, сол арқылы өздерінің ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, біз "Сергек" камераларын қаладан шығатын негізгі жолдарға эксперименталды түрде орнатуды ұсындық: Төле би даңғылы – Момышұлы көшесі, Райымбек даңғылы – Момышұлы көшесі, Райымбек даңғылы – Әшімов көшесі", – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Сонымен қатар Алматы қаласының полицейлері жол қозғалысына қатысушылардың барлығына (жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де) Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігі туралы үндеуде.