Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі мәлім етті
Бүгіннен бастап Алматы әуежайы штаттық режимде жұмыс істей бастады. Бұл туралы мекеменің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін қаладағы комендаттық сағаттың енгізілуіне байланысты әуежай тек күндіз жұмыс істеген еді. Түнгі рейстерді қабылдаған жоқ және аумаққа тек жолаушылардың кіріп-шығуына рұқсат берілген еді.
Бүгін төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты енді әуежай қалыпты жұмыс істейтін болады. Жолаушыларды шығарып салушылар да еркін-кіріп шыға алады.
«Қазір әуежайдағы тамақтану орындары мен қызмет көрсету орталықтары қайтадан өз жұмысына кірісті. Әуежайды қайта қалпына келтіру қазір белсенді жүргізіліп жатыр. Келген шығын көлемі белгісіз. Қазір есептелуде. Жолаушылардан рейстерге қатысты арыз-шағым келіп түскен жоқ», – деді Алматы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің басшысы Найля Жабагина.
Әуежайдың баспасөз қызметкерінің хабарлауынша, қазір ішкі әуе тасымалының барлығы қалпына келтірілген. Ұшақтар кесте бойынша жүріп жатыр. Алайда халықаралық бағыттағы кейбір рейстер кешігіп жатқан көрінеді.
«Сағат 12.00-де ұшуым керек еді, телефоныма сағат 18.00-де ұшады деген хабарлама келді. Ауысып отыратын ұшаққа алған билетім күйіп кетейін деп тұр. Анталияға ұшуым керек еді», – дейді жолаушы Назым Өмірбекова.