Қабылданған түзетулер шетелдік мемлекеттік нөмірлері бар көліктерге және Қазақстаннан тыс жерлерде жүргізуші куәлігін алғандарға қатысты қолданылмайды
Қазақстандықтарға 13 ақпаннан бастап өзімен жүргізуші куәлігі мен көліктің техникалық құжатын алып жүру міндетті емес. Бұл заң күшіне енгенге дейін осы жағдаймен әкімшілік жауапқа тартылған және айыппұлы әлі төленбеген адамдарға да қолданылады. Осылайша, бұрын салынған айыппұлдар кешіріледі. Норманы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 5-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын заңның кері күші болады. Яғни, заң қолданысқа енгенге дейін жасалған және оған қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы шығарылған қаулыларға да қолданылады. Оған өтелмеген құқықбұзушылықтар да кіреді.
«Тиісінше, аталған құжаттардың болмағаны үшін қозғалған барлық істер, заң күшіне енгенге дейін айыппұл төленбесе, тоқталған болып саналады. Бірақ мұндай істерді құқықбұзушыдан тиісті өтініш келіп түскен жағдайда және ол бойынша тексеру жүргізілгенен кейін ғана тоқтату керек», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі.
Қабылданған түзетулер шетелдік мемлекеттік нөмірлері бар көліктерге және Қазақстаннан тыс жерлерде жүргізуші куәлігін алғандарға қатысты қолданылмайды. Олар үшін жүргізуші куәлігін және көлік құралының тіркелгені туралы куәлікті көрсету міндетті болып қалады.
Полициядағылар сақтандыру полисінің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сақтандыру полисі рөлдегі жүргізушінікі болмаса, онда оған ӘҚБтК-нің 230-бабы 2-бөлігі бойынша 10 АЕК айыппұл (29 170 теңге) салынып, көлік ӘҚБтК-нің 797-бабына сәйкес айыппұл тұрағына жабылады.
Жеке басын куәландыратын құжат болған жағдайда жүргізуші куәлігін алып жүрмеуге заңмен рұқсат етіледі.
• Төлқұжат, оның ішінде қызметтік, шетелдік және дипломатиялық;
• Жеке куәлігі;
• Шетелде тұруға ықтиярхаты;
• Қандастар куәлік, жол жүру құжаты, азаматтығы жоқ адамның, босқынның, теңізшінің куәлігі;
• Туу туралы куәлік;
Бұл ретте, туу туралы куәлік жеке куәлікті, төлқұжатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін немесе шетел төлқұжатын алғанға дейін жеке басты куәландыратын құжат болып саналады.