Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін 9 көшеге 7 км тротуар салынды
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімінің айтуынша, аудан тұрғындарының өтініші бойынша №13 автобус маршруты Спасская көшесіндегі 77 үйге дейін және №215 автобус маршруты Шуақты шағынауданына дейін ұзартылды.
Сондай-ақ, Қайрат шағынауданына кіріп-шығу арқылы №138 автобус маршрутының схемасы өзгертілді.
"Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Сүйінбай даңғылына 4 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі орнатылды. Тұрғындардың өтініші бойынша 70-разъездегі бағдаршам ауыстырылды", - деді әкім.
Оның мәлімдеуінше, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін 9 көшеге 7 км тротуар салынды.
Биылғы жылдың желтоқсан айында Рысқұлов даңғылы «Парасат» тұрғын кешені жанындағы және Ержанов көшесінен Шатский көшесіне теміржол арқылы өтетін 2 жер үсті өткелін жобалау аяқталады. Құрылыс 2023 жылғы мамырда басталады.
"Менің тапсырмам бойынша Сүйінбай даңғылы мен Майлин көшесіндегі жаяу жүргіншілердің жер үсті өткелдеріндегі көтергіш құрылғыларын қалпына келтіру үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Жұмыстар осы жылдың қараша айының соңында аяқталады", - деп толықтырды Досаев.