Енді алматылықтар метрода тегін Wi-Fi қызметін пайдалана алады. Қала әкімінің нұсқауымен Алматы метрополитенінің «Жібек Жолы» станциясында тегін Wi-Fi пайда болды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерлан Аукенов өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
Заман талабына сай қазіргі таңда халықтың заманауи өмір сүру үрдісі де өзгерді. Сол себепті тұрғындар кез келген жерде жоғары жылдамдықты мобильді интернетті қажет ететіні жасырын емес. Осыған орай қала әкімдігі жүйелі түрде қаланың қоғамдық орындарын интернетпен жабдықтап, қолжетімділігін арттыру шараларын қолға алды.
Қала әкімі орынбасарының айтуы бойынша, алдағы жарты жылдықта метрополитеннің қалған 8 станциясында да осы жоба іске асатын болады. Сонымен қатар ол Facebook әлеуметтік желісіндегі компанияның жеке «қоғамдық көлік» парақшасының қолданушылары мен достарына осындай идеялары үшін алғысын айтты.