Қазақстандық жүргізушілер қандай қателік жібереді

21.10.2023 21:57

ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады

Сурет: elements.envato.com

Қазан айынан бастап еліміздің кейбір аймақтарында ауа райы күрт өзгереді. ІІМ осыған байланысты жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап. 

- Күзгі маусымның басталуымен жолдағы көлік жүрісі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жылдамдықты асырмаңыз! Қауіпсіз қашықтықты сақтаңыз! Егер қысқы жүргізу талабы туралы толығырақ айтатын болсақ, онда жылдамдықты шамамен сағатына 10-15 шақырымға азайту керек, ал көлік арасындағы қашықтық 3-4 автокөлік болуға тиіс. Міне, осындай ұсақ-түйектердің өзі жол жағдайы күрт өзгерген кезде жүргізушіге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, - деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Ақтоты Боранованың айтуынша, қиылыстарда бағдаршамның жасыл түсіне жылдам қозғалу – қысқы уақытта жүргізушілердің негізгі қателіктерінің бірі.

Ол көлік жүргізушілеріне мынадай кеңестерді берді:

Жолға назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлеспеңіз және көлік басқарумен байланысы жоқ нәрселерге алаңдамаңыз. Есіңізде болсын, көлікті кенеттен тежеу басқару мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғады;

Жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтаңыз, кенеттен маневр жасау мен басып озудан аулақ болыңыз, жол бойындағы жаяу жүргіншілерге өте мұқият болыңыз, айналаңыздағы жол жағдайын үнемі бақылауда ұстаңыз;

Заңнамаға сәйкес қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы дөңгелекпен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын еске саламыз. Қысқы шина көлік құралының барлық дөңгелектеріне орнатылуы қажет;

Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап отыруы керек, егер ауа райы нашарласа, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеген дұрыс;

Жаяу жүргіншілер қыста көлік тез тоқтай алмайтынын есте ұстағандары абзал, сондықтан көшені кесіп өткенде сізге жол бергеніне көз жеткізіп, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз;

Сақ болыңыз, телефонмен сөйлесуге және басқа хабарламаларды көруге алаңдамаңыз.

 - Өз кезегінде полицияның жеке құрамына қызмет атқару барысында қиын жағдайға тап болған жандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды. Жолдарыңыз қауіпсіз болсын!, - деді Ақтоты Боранова.

Оқи отырыңыз:Алматыда Құлжа тасжолында уақытша жаяу жүргіншілер өткелі сүрілді

Толық көрсету