|
16.06.2023 | 16:35
4970

Үлкен Алматы айналма автожолы ашылды

Оның құрылысы 3 жыл бұрын түрік-кореялық консорциумының негізінде қолға алынып, жоспарға сәйкес 2024 жылы қолданысқа берілуі керек еді

Үлкен Алматы айналма автожолы ашылды gov.kz

Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күре жолдың пайдалануға берілуі Алматы облысы мен Алматы қаласының көлік инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, транзиттік көліктердің қала аумағынан тыс жүруіне сеп болады. Сондай-ақ, инвестициялық және туристік әлеуеттің артуына мүмкіндік береді. Автомагистралдың ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қатысты.

«Бүгін біз маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. БАКАД  Алматы агломерациясының көлік қаңқасын қалыптастырудың негізі. Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бекітілген бас жоспары аясында бүгінде БАКАД-қа баратын 6 радиальды жолды салу жұмыстары жүргізілуде. БАКАД-ты ашу Алматы қаласының аумағындағы транзиттік трафиктің кіруін болдырмау арқылы Алматы қаласының жолдарындағы кептелісті орта есеппен 20 пайызға азайтады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.  

Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы  "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" трансконтинентальды тас жолы. Ол Батыс Еуропа-Батыс Қытай транс-еуразиялық негізгі жолына айналады деп жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, құрылысы 2018 жылы басталған күре жолдың жалпы ұзындығы 66 шақырым, оған 743 миллион доллар жұмсалған.

«Бұл жобаның маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 8 маусымда өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде атап өтті. Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарына еркін қозғалуына септігін тигізері сөзсіз. Осы орайда барша жұртты осы  жобаның сәтті іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі  Әлібек Қуантыров.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир