Автосақтандыру саласында қандай өзгерістер болады

11.02.2022 17:27

Алдағы уақытта екі көлік соқтығысып қалса, полиция мен сот шешімін күтпей-ақ, сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік болады

Қазақстанда сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу жоспарланып отыр. Соның арқасында көлік жүргізушілері полицияны, тіпті, сот шешімін күтпей, сақтандыру төлемдерін рәсімдей алады, деп хабарлайды Almaty.tv Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Қазіргі кезде көлік жүргізушілері сақтандыру төлемін алу үшін жол полициясын күтеді. Хаттамалар рәсімделгеннен кейін сот шешімі шығуы керек. Сөйтіп, екі айдай уақыт кетіп қалады.

Ал сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі бойынша жол-көлік оқиғасы кезінде барлық құжат жылдам ресімделеді. Полицияның хаттамасы мен сот шешімі қажет емес.

Осыған орай, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісті. Оған сәйкес, жол-көлік оқиғасы бойынша сақтандыру төлемін жылдам алу тетігі енгізіледі.

Бірақ бірнеше шарт болады.

Олар:

екі көлік құралының соқтығысуы;

жол-көлік оқиғасы кезінде көлік құралдарына ғана зиян келуі (адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру және үшінші тұлғалардың мүлкін зақымдау болмау шарт); • сақтандыру полисінің болуы;

екі көлік жүргізушінің өзара келісуі;

сақтандыру төлемі 100 АЕК-тен (306 мың теңгеден) аспауы.

Барлық өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасы арқылы жіберіледі.

Айта кетері, халықаралық практикада сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі кеңінен тараған.

Оны "еурохаттама" деп атайды. Бүгінде еурохаттама Еуропада ғана емес, Ресей, Беларусь, Украина, Армения мен Өзбекстан сияқты ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінде бар.