Air Astana әуе компаниясы Киевке рейстердің уақытша тоқтатылатыны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Украина әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana бүгіннен бастап 2022 жылдың 7 наурызына дейін Киевке бағытталатын барлық рейсті тоқтатады", - делінген тасымалдаушы хабарламасында.
22 ақпан мен 7 наурыз аралығында ұшуды жоспарлаған жолаушылар 31 наурызға дейін билетті қайта рәсімдей алады немесе билетті өткізуге болады.
"Жолаушыларға смс-хабарлама жолданды. Киевке ұшатын рейстерді airastana.com сайтынан нақтылауды сұраймыз", - деді компанияда.
Бұған дейін азаматтық авиация комитеті Қазақстанның әуе компанияларына Украинаның әуе кеңістігінің үстінен ұшуға тыйым салынатыны туралы нұсқаулар жіберілгенін хабарлады.
Сондай-ақ Украинадан келетін және бұл елге баратын рейстердің тоқтатылуына байланысты жолаушыларға кеңес беруге арналған жедел желі қызметі іске қосылғаны туралы хабарлады.
Дереккөз: Sputnik