Павлодарда балаларына алимент төлемеген тұрғынның көлігі аукционға қойылады. Осылайша борышкер өз балаларына қарызын төлей алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Рavlodarnews.kz.
«Бұған дейін қалалық сот ер адамға кәмелетке толмаған екі баласын асырау үшін алимент төлеуі тиіс екенін ескерткен. Алайда ол үнемі ескертулерге қарамастан, сот шешімін орындаудан бас тартты. Осыдан кейін жеке сот орындаушысы оның Audi A4 маркалы автокөлігін ұстау және тәркілеу туралы бұйрық шығарды. Полиция қызметкерлерімен бірге техникалық паспорт пен көлік кілттері алынды», – дейді облыстық ПД баспасөз қызметінде.
Көлік айып тұрағына қойылды. Енді темір тұлпардың бағасы белгіленіп, аукционға қойылады.
Ағымдағы жылдың басынан бастап 32 көлік иесіне қатысты көлік құралдарын мамандандырылған айып тұрағына қою бойынша мәжбүрлеу шаралары қабылданған.
Павлодар облысының полициясы тұрақты негізде алимент төлеушілерді іздеу жұмыстарын жүргізуде.