Маршруттарда туындаған мәселелер кезең кезеңмен шешімін табатын болады
Алматының кейбір маршруттарында автобустар жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медеу ауданында орналасқан Каменское плато, Ақтөбе ауылы, Қайың тоғайы, Таужолы шағынаудандары мен ОС ардагерлері госпиталі маңында тұратын тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін 2022 жылғы 20 желтоқсаннан бастап келесі маршруттарда жаңа автобустар шығарылатын болады: №5 маршрут «Қалдаяқов көш. – Жібек жолы көш. – Ақтөбе ауылы», №5а «Қалдаяқов көш. – Жібек жолы көш. – ОС ардагерлері госпиталі», №5б «Жібек жолы көш. –ОС ардагерлері госпиталі», №5в «Қайың тоғайы –Достық даңғ.- Оспанов көш.», №26 «№7 қалалық аурухана – Экологиялық пост». Соңғы айларда аталған маршруттарда жоспарлы жылжымалы бірліктің жолға шығуы 50%-ға дейін төмендегендіктен, маршруттарды Иссузу Н-40 маркалы жаңа 19 автобуспен қызмет көрсететін «Сапаршы» ЖШС тасымалдаушы компаниясына беру туралы шешім қабылданды.
№5 маршрутқа 4 жылжымалы бірлік, №5а мен №5в маршруттарына 2, №5б маршрутына 3 және №26 маршрутқа 5 автобус шығару қарастырылған.
Қалалық мобилділік басқармасы қызмет көрсету сапасын арттыру мен жүріс жиілігін арттыру бағытында бірқатар шара қабылдап жатқандығын атап өткен жөн. Маршруттарда туындаған мәселелер кезең кезеңмен шешімін табатын болады.