|
10.05.2023 | 13:08
3573

Елімізде электр самокат қолданушылардан жүргізуші куәлігі талап етілмек

Бүгіннен бастап электр самокат мінгендер үшін арнайы ереже бекітілді

Елімізде электр самокат қолданушылардан жүргізуші куәлігі талап етілмек cq.ru

Елімізде электр самокат қолданушыларына тәртіп қатаңдатылады. Енді олардан арнайы жүргізуші куәлігі талап етілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы 2 жылда елімізде электро самокат қолданушылары көбейіп кетті. Қажетті қаржысын төлеп, жалға алдың да, желмен бірге жүйтки жөнелдің. Бірақ бұл үлкен шаһарларда аса қауіпті болып отыр. Себебі автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің айтар уәжі басқа.

– Скутермен, самокатпен жүргендер кедергі келтіреді. Оларға бөлек жол ашу керек. Жүріп бара жатқанда жол ережелерін сақтамайды. Нәтижесінде жол апаты болып жатады. Мен өзім күнде көремін, – деді қала тұрғыны Бекзат Иабай

Соңғы 1 жылда елімізде электр самокаттардың кесірінен оқыс-оқиғалар көбейген. Депутаттар  айтқан мәліметке сәйкес, 40-қа жуық жағдай тіркелген. Салдарынан 1 адам қаза тауып, тағы 40 жан түрлі деңгейде жарақат алған. Жолда жиілеген келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін Мәжіліс депутаттары «талапты күшейту керек» деп бастама көтерді. Мұны самокат тізгіндегендер де қолдап отыр.

– Қазіргі таңда әсіресе, Астана мен Алматыда самокат көп.  Жол-көлік апатына ұшырап жатқандары да бар. Жаңа заң жобасы жол апаттарының алдын алады деп ойлаймыз, – деді қала тұрғыны Жасұлан Кенжебекұлы.

Арнайы әзірленген заң жобасында самокатта жүк пен жолаушы тасымалдауға тыйым салынған. Мұнымен қоса, олардан арнайы жүргізуші куәлігі талап етілмек. Ішкі Істер министрінің мәліметінше, электр самокаттары қазір көлік құралының бір түрі саналады. Олардың жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін жетеді. Марат Ахметжановтың айтуынша, арнайы бөлінген жолдар мен жолақтардың жоқтығы көліктің осы түрін дамытудаға кедергі болып отыр.

– Жолдың оң жағынан жасы 18-ге толған азамат жүруі керек. Басына шлем, үстінде жарық шағылыстыратын киім киюі керек. Оның кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Ал тротуарда жүретін болса басымдық жаяу жүргіншілерге беріледі, – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов.

Бүгіннен бастап электр самокат мінгендер үшін арнайы ереже бекітілді. Енді жаяу жүргіншілердің жолымен көп дегенде сағатына 6 км жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Ал бағдаршамнан өтер кезде самокатты итеріп немесе жаяу өтуі тиіс.

Тағы бір талап - самокатты тізгіндеген адамның жас  18-ге толуы тиіс. Жүргізуші куәлігін алуы міндетті шарт. Ал қауіпсіздік үшін басында арнайы каска киюі керек. Самокатпен тек 1 адамға жүруге рұқсат берілген.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир