Көліктен келетін кесеапат азаймай тұр. Елімізде соңғы 7 айдың ішінде 1000-нан астам адамның өмірі күре жолда қиылыпты. Тағы 8000-ға жуық жолаушы сапары сәтсіз болып, түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жол-көлік апаты жиі болатын өңірлер көшін Алматы қаласы мен Алматы және Түркістан облысы бастап тұр. Жылдамдықты шамадан тыс асырып, ережені ескермегендіктен қауіп-қатер жиі боладыы. Соңғы 7 айда 7000-нан астам апат тіркеліпті. Сәтсіз сапар салдарынан 1200 адамның өмірі қара жолда қиылған. Құзырлы орган өкілдері «бұрын болмаған жағдай» дейді.
– Талдау көрсеткендей, жүргізушілердің қарапайым жол қағидасын сақтамауы жол-көлік оқиғаларының басты себебі болып отыр. Яғни, жолдағы қатердің 95 пайызына жүргізуші кінәлі. Жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, қарама-қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сынды жол қағидасы жиі бұзылады, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция
Жыл сайын елде 1500 адам өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылады. Өткен жылы 300-ге жуық көлік иесі темір тұлпар тізгіндеу құқынан шеттетілген.
– Жүргізуші куәлігін сатып алған дұрыс емес. Көліктердің жиі апатқа ұшырауы көбінесе жүргізуші куәлігін сатып алғаннан деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Берік Тоқболатов.
Сарапшы мамандар да қазір елде жүргізуші куәлігін алу оп-оңай болып кеткенін айтады. Бір жапырақ қағаз қазір қолжетімді болғанымен, жолдағы амандыққа кепіл бола алмайды. Сондықтан олар жүйеге қатаңдатылған тәртіп керек екенін алға тартты.
– Көпшілігі көлікті өз ыңғайына қарай жүргізеді. Жол ережесін білмейді. Оған мән бермейді. Өзінікін дұрыс санайды, – дейді автосарапшы Талғат Беспаев.
Жарты жылға жетер-жетпесте 1200 адам осы қара жолда қаза тапты. Тағы 8000-нан астам жан түрлі дене жарақатын алды. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда анағұрлым өскен. Инфрақұрылымның нашарлығы да апаттың жиілеуіне ықпал етіп отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мегополисте жыл соңына дейін 130 көше жөнделеді