ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұл қызмет көрсету сапасын жақсартады дейді
Қазір келіссіздер жүргізіліп жатыр. Ол туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазір түрік компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, сондықтан ештеңе айта алмаймын. «Алматы» әуежайы жеке компания меншігінде. Сондықтан сатылып жатыр. Азаматтық авиация комитетімен келісу қажет тұстары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Менің ойымша, бұл қызмет көрсету сапасын жақсарту және қосымша инвестициялар тартуда жақсы қадам болады деп санаймын. Менің білуімше, басшылыққа бірнеше әуежайға ие белгілі компания келеді. Және Францияда екі әуежай бар сияқты», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Ал билет бағасы халықаралық және еуропалық стандарттарға сәйкес бекітілуі тиіс деді министр мырза. Сонымен қатар соңғы уақытта Алматы әуежайында жолаушылар ағыны ұлғайғанын айтты. Сол себепті Оңтүстік астанаға Катар әуе желісі арқылы бірнеше бағыт қосылатынын атап өтті.
«Өткен аптада Дохада жүргізілген келіссөздер аяқталды. Желтоқсанның ортасынан бастап, Катар әуе желісінің 7 рейсі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына күн сайын қатынайтын болады. Сондай-ақ тағы 7 жүк рейсі болады. Бұл біздің азаматтарға қосымша бағыттарды таңдауға мүмкіндік береді. Бұл баға мен қызметке өз әсерін тигізеді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.