Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланы аралау барысында жаңа техника сатып алған тасымалдаушылардың автопаркінде болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін едені төмен, Евро-5 санаттағы экологиялық жанармаймен жүретін «Yutong» автобустары №7 маршрутқа шықты. Жаңа автобустар кондиционерлермен, видеобақылау камераларымен жабдықталған. Жыл соңына дейін қаладағы автопарк 100 пайызға жаңармақ. Жақын арада тағы 500 автобус Алматыға жеткізіледі. Қала тұрғындарының сұрауымен Алматы әкімдігі бұл көліктерді №38 және №48 маршруттарға шығармақ.
Шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында электр энергиясымен жүретін көлік санын көбейту көзделіп отыр. Осы мақсатта үшінші буындағы электроавтобустар құрастыратын Қазақстан-Германия-Гонконг бірлескен зауыты салынып, 300 орындық автопарк құрылған болатын.
«Алматыда жасалған алғашқы 10 автобус таяуда бағытқа қойылады. Троллейбус байланыс желілерін дамыту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Жаздың соңына дейін 50 электрондық табло орнатылады», – делінген баспасөз қызметінде.
Жалпы, соңғы үш жылда Алматы автобус паркіне 1113 қоғамдық көлік жаңартылды.