|
03.08.2021 | 16:56
11845

Ауыр жүк көліктері үшін ескі жол қауіпті: Талдықорған-Өскемен тас жолы қашан аяқталады

700 шақырымнан асатын Талдықорған-Қалбатау-Өскемен дәлізін жөндеу жұмыстары 60%-ға аяқталған

Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі тас жолды жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. «Қазавтожол» ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, «Үшарал-Достық» автожолынан Алакөлге дейінгі аралықтағы шаруа биыл жыл соңына дейін бітеді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында да көлік магистралін қайта жаңарту жұмысының 60 пайызы істелген. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

50 жастағы Алмаз Әнетұлы тәжірибелі жүргізуші. Жүк тасымалдаумен айналысып жүргеніне 10 жыл болған. Апта сайын Алматыдан Өскеменге дейінгі аралықта қатынайтын ескі жол ауыр жүк көліктері үшін қауіпті дейді.  

«Жолдың енді жақсысы да бар, жаманы да бар ғой. Қазір енді жасап жатыр ғой жолды, міне. Қалбатауға келгенще жолды жасап жатыр. Қалбатаудан Өскеменге дейін жол жақсы енді. Рахаттанып келесің, машинамыз сынбайды, балонымыз жарылмайды деген сияқты», – деді жүргізуші Алмас Дүйсенбаев.

Одан бөлек, ұзындығы 700 шақырымнан асатын Талдықорған-Қалбатау-Өскемен дәлізін жөндеу шаруасы да 60%-ға аяқталған. «Қазавтожол» ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, жалпы Шығыс Қазақстан облысына дейінгі жолды жаңарту жұмыстары 2023 жылдың ортасына дейін бітпек.  

«Төрт түліктің мал айдайтын орындардан жолға шығып кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында торлы қоршау орнатылады. Сондай-ақ, біз үйіндісі биік жерлерге де тосқауыл қоршау қоюды көздеп отырмыз. Тиісінше, елдімекендер арқылы өтетін аймақтарда көліктердің жылдамдық режимі шектеледі», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының орынбасары Асылбек Нұғманов.

Мердігер компанияның қарамағындағы 190 шақырым жолда құрылыс жұмысы күндіз-түні жалғасуда. Оған 200-ге жуық техника мен 500-ден аса жергілікті тұрғын жұмылдырылыпты. Одан бөлек, алыс аймақтан келетін құрылысшылар арнайы вахталық қалашықтарға орналасады екен. Солардың бірі – Сағабүйен елдімекенінің жанында орналасқан ғимаратта 143 адам тұрады. Арасында шетелдіктер де бар.

«Бізде зертханалық сынақтар жүргізілетін орталық бар. Сондай-ақ, құрылыс алаңында қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Жұмысшылар арнайы базаларда тұрады. Уақытылы тамақтанып, демалуына да мүмкіндігі бар. Одан бөлек, баскетбол алаңы мен жаттығу алаңдары да соғылған», – деді мердігер мекеменің бөлім басшысы Мөлдір Сыдықанова-Языджы.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын республикалық маңызы бар Қалбатау-Майқапшағай күре жолын қайта жөндеу жұмысы да жаcалып жатыр. Ал, Зайсан ауданы арқылы өтетін бұл тас жол келесі жылы толық аяқталады дейді мердігер мекеменің өкілдері.

Аяулым Көлжігіт, Аянрафи Нарикбаева, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир