|
10.09.2019 | 18:08
37035

Алматыда тағы бір халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Жаңа ғимаратты Олимпиада және Әлем чемпионы, кәсіпкер-меценат Жақсылық Үшкемпіров өз қаржысына салып берген

Алматыда тағы бір  халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Жетісу ауданында орналасқан жаңа ғимаратты Олимпиада және Әлем чемпионы, кәсіпкер-меценат Жақсылық Үшкемпіров өз қаржысына салып берген. Екі қабатты еңселі орталықта  бір мезетте 1000-нан астам адамға  қызмет көрсетіледі. Қосымша өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олимпиада чемпионы, ел ағасы, қайырымды істерімен  танылған Жақсылық Үшкемпіров мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын 5 айдың ішінде салдырғанын айтады. Елбасының айтқан «Халыққа көмек» жобасын іске  асыруға ат салысқан  жұмысымның бірі деп санаған ардагер чемпион аумағы 1000 шершы метрден асатын орынға қанша қаржы жібергенін жасырып қалды. Кәсіпкер-меценат жеке қаржысына салған халыққа қызмет көрсету орталығының қажетті құрал-жабдықтарын да өзі алып берген екен.  

«Шет аудан болғаннан кейін қолымыздан келгенше біз де жақсылық жасайық деп, өзімнің жеке қаражатымнан осы ғимаратты салдым. Бар-жоғы 5 айдың  ішінде бітіріп, бүгін тапсырып отырмыз. Мұның барлығы халыққа қажет ғимарат деп ойлаймын. Бұл аудандардың шеті Қапшағай, Іле аудандарына ұласады.  Арғы жағы Талдықорғанға кетеді. Тоғыз жолдың торабы», – деді Олимпиада чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.

Орталық «Кемел» шағынауданы Ақсуат 118 мекен-жайында орналасқан. Мұнда тәулігіне 1000-ға жуық адам келіп, қызмет ала алады. Жүргізушілер қолайлығы үшін төлем кассалары да орнатылған.

Жаңа орталықта автокөлікті тіркеп, жүргізуші куәлігін қайта алуға болады. Оны дәстүрлі әдіс бойынша не болмаса, онлайн түрде өз-өзіне қызмет көрсету секторынан рәсімдеуге мүмкіндік бар

«Бірінші қабатында арнайы дайын құжаттарды алып кетуге мүмкіндік беріледі. Екінші қабатта 50 орынға арналған қабылдау орны жұмыс істейді. Яғни құжаттарды тапсырып, астынан келіп алып кетеді. Және екінші қабатта connection point орналасқан. Ол жерде 5 орын бар», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қалалық филиалының директоры Данияр ҚЫРЫҚБАЕВ.


«Өзіміз көліктеріміздің құжаттарын рәсімдеуге барғанда кезекте көп тұрып қаламыз. Сондықтан осы «Кемел» қосымша бөлімшенің ашылғанына қуанып жатырмыз. Бұл басқа мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын ыңғайлайды деп ойлаймын», – деді «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін жүлдегері Руслан ӘБДІРАЗАҚОВ.

Аталған орынның ашылуы №1 және №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына артылатын жүктемені 30 пайызға азайтып отыр. Себебі мұнда 50-ге тарта маман жұмыс істейді.

«Маған осы жерге келу өте ыңғайлы. Бұрын тіркеуге қою үшін Гүлдалаға баратынбыз. Ол бізге алыстау болатын. Енді осы Жетісу ауданына келетін болдық, өте жақсы болды», – деді келушілердің бірі.

«Біз Іле ауданы, Казцик ауылынан автокөлік сатып алып жатырмыз.. Енді қалаға сабылып әуре болмаймыз. Қажетті құжаттарды осы жерден ала береміз», – деді келесі бірі.

Атап өтерлігі, Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы Алматы облысының Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында да ашылды. Жақында Талғар ауданында тағы бір ғимарат іске қосылмақ. Ал, Алматыда осы мекемені қосқанда, 5 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир