Алматы-Дубай рейсінің кешігу себебі анықталды

07.02.2019 19:20

иллюстративное фото из открытых источников

Алматы Халықаралық әуежайы Дубай рейсінің бір тәуліктен астам кешігуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әуежай өкілдерінің сөзіне сенсек, FlyDubai әуе компаниясының Алматы-Дубай рейсінің ұшу уақыты әуежай қызметіне қатысы жоқ себептермен төрт рет кешіктірілген.

«Кесте бойынша осы рейс Алматы әуежайынан 6 ақпан күні таңғы 04:50-де ұшуы тиіс болатын. Жолаушылар тіркеуге кешеуілдеп шақырылды. Олар тіркеуден өтті, жүктерін тапсырып, ұшақтағы өз орындарына жайғасып та үлгерді. 09:30-да жолаушылардан салоннан шыға тұруды сұрады. Сөйтсе, экипаждың рұқсат етілетін ұшу уақыты біткен екен. «Экипаждың демалуына» байланысты, ұшу уақыты 22:00-ге жылжытылды. 16:00-де әуежайдың диспетчер қызметі рейстің ұшу уақыты техникалық себептерге байланысты, 7 ақпан, 05:05-ке ауыстырылғанын хабарлады. Кейін, жолаушылар лайнердің бортында отырған кезде экипаж генератордың ақауы бар екенін анықтаған», - деп мәлімдеді Алматы Халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Рейске қайта тіркеу 03:00-те ашылып, 05:30-да аяқталды. Әуе компаниясы ұшу уақытын одан кейін де екі рет кешіктірді: техникалық себептерге байланысты 06:50-ге, содан кейін тағы бір сағатқа. Соңында, рейске отырғызу 09:15-те басталып, 09:56-да ұшақ әуеге көтерілген.

«Осыншама уақыт бойы ұшақтың ұшуын күтіп, сұрағына жауап алмаған, ұшақтың кешігу себептерін анықтау мүмкіндігі болмаған жолаушылар, бұған әрине наразы болды. Алайда, әлеуметтік желіде айтылғандай, олардың әуежайда тәртіпсіздіктер жасағаны шындыққа жанаспайды. Рейске тіркейтін жерге келіп, дауыс көтере наразылық білдіргені рас. Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері және желілік полиция бөлімінің өкілдері жолаушыларды сабырға шақырып, жылдам тәртіп орнатты», - дейді әуежай өкілдері.

Алматы Халықаралық әуежайы оқыс оқиғаға байланысты FlyDubai әуе компаниясына ресми түсінік беруін талап етіп, сауал жолдады.