Екі аптадан кейін шетелдік көліктерді заңдастыру аяқталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«16 маусымдағы жағдай бойынша 161 мың автокөлік заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп отыр. Сондай-ақ 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылды. Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды. Көптеген азаматтар өз көліктерін заңдастыруға үлгермей қалуымыз мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматтарына көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктертерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлағым келеді», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмай, тиісінше заңдастырылмаған темір тұлпарлар ел аумағында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылады.
«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады және заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертеміз. Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шара қабылданады», - деп түйіндеді Әкімшілік полиция комитетінінің төрағасы.