Жаңа Алматыны кешенді дамыту жоспары аясында кемінде 100 шақырым жаңа жол салынады
Сейсенбі күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз алған мегаполис әкімі Ерболат Досаев қаланың экологиялық жағдайын жақсарту алматылықтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етудегі басты мақсаттардың бірі екенін тұрғындар көңіл күйіне айтарлықтай әсер ететінін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімнің айтуынша, 2021 жылға арналған есеп бойынша, негізгі ластаушы көздер: көлік – 56 пайыз, жылу электр станциялары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар – 39 пайыз, жеке тұрғын үй секторы – 5 пайыз.
«Осы есептерге сүйене отырып, 2022 жылы біз мына бағыттарға басымдық бермекпіз: 1. Бүгінгі таңда қалада 2441 бірлікті құрайтын 8 қоғамдық көлік паркі бар, қоғамдық көліктердің тек 15-і ғана электрлі автобус. Қоғамдық көлікті одан әрі дамыту тек экологиялық тұрғыдан таза көлік түрлерін сатып алуға бағытталады. Үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында газбен жүретін 300 қоғамдық көлік сатып алынады, бұл экологиялық таза көлік үлесін (30%-дан 37,4%-ға дейін) арттырады», - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ мегаполис әкімі 1 миллион ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатынын, 300 мыңнан астам көшет отырғызылатынын атап өтті. Бір тұрғынға шаққандағы жасыл алаңдар көлемінің көрсеткіші (7,7-ден) 12 м2-ге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ биылғы жылы гранттар есебінен ауаның сапалық құрамын өлшейтін 60 құрылғы орнатылады. Өлшемдер мен оларды талдаудан кейін АБР және AirVision компанияларын тарта отырып, ауа сапасын жақсартудың бас жоспары әзірленетін болады.
Алматының инфрақұрылымын дамытуға келетін болсақ, халық санының өсуі мен көші-қонның жоғары қарқыны жағдайында көлік, әлеуметтік, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі ерекше өткір тұр деп атап өтті қала басшысы.
«Жаңа Алматыны кешенді дамыту жоспары аясында кемінде 100 шақырым жаңа жол салынады. 2022 жылы 2 жол айырығы мен Әуезов көшесін кесу жұмыстары аяқталады. Осы жылдың мамыр айында 2 метро станциясын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл күнделікті жолаушы ағынын 30-дан 86 мыңға дейін арттырады», - деді Ерболат Досаев.