Алматыға Тель-Авив-Алматы тікелей әуе рейсімен Израильден туристердің бірінші тобы келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері AIRBUS А321lr әуе кемесімен ұшуға болады. Тель-Авивтен рейстің ұзақтығы 5 сағат 50 минут, Алматыдан кері рейстің ұзақтығы – 6 сағат 45 минут.
Жаңа әуе қатынасының ашылуына орай, Алматы қаласының Туризм басқармасы Израильден келген қонақтарды қаланың және оның айналасындағы танымал көрікті жерлермен таныстыру үшін тур ұйымдастырды. Туристер «Шымбұлақ» тау шаңғы курортына, «Медеу» денсаулық баспалдағына, Шарын шатқалына, Көлсай көліне және т.б. керемет орындарға барады.
«Алматы-Тель-Авив» бағыты бойынша жаңа авиарейстің ашылуы қаламыздың туристік әлеуетін арттырады, сонымен қатар, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар негізінде туристік дестинация ретінде Алматыға деген қызығушылық күннен күнге артып келеді, біз бұл жұмысты жалғастырамыз», - деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Айта кетейік, пандемия аяқталғасын Алматыға туристер көптеп келе бастады. Биыл бірінші жартыжылдықта мегаполиске 972 мыңнан астам адам келді, оның 710 мыңнан астамы – ішкі туристер, 261 мыңнан астамы – шетелдіктер.