Биылғы 6 айда ғана 3 миллионға жуық жол жүру ережесі бұзылған
Жаяу жүргіншілерге арналған жолға түскен электросамокат жүргізушілеріне айыппұл салынбақ. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері елімізде электрсамокат иелерінің кесірінен болған жол-көлік оқиғаларының саны 10-ға жуықтағанын алға тартты. Жалпы, құқық қорғаушылар электр самокатты тізгіндейтіндер жүргізушілермен теңестірілетінін, яғни, олардың тротуармен жүруі жолаушылар үшін қауіпті.
«Біз күнделікті өмірде оларды самокат деп атап үйреніп кеттік. Алайда, техникалық мінездемесін қарасаңыздар, шетелден әкелінетін бұл көліктер электр скутерлер сияқты жасалып шығарылатынын байқайсыздар. Ал скутерлер мотоциклге теңестіріледі. Жол жүру ережелеріне сәйкес, мотоцикл самокатпен веложолақ, жолдың велосипедке арналған бөлігімен, немесе жолдың шетімен, және автобусқа арналған бөлігімен жүруге рұқсат етілген. Түнгі уақытта да мопедтерге қойылатын шам мен ауқым шырағын қосу талаптары электрсамокаттарға да қатысты» , – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек КЕҢЕСБАЕВ.
Бұдан бөлек, брифингте жол көлік апаттарының саны былтырғы алты аймен салыстырғанда 5 пайызға артқаны мәлім болды. Сондай-ақ мерт болғандар саны – 8 пайызға, ал тасжолда жарақат алғандардың саны 9 пайызға артқан. Биыл алты айда 7000 жол апаты тіркеліпті. Салдарынан 850 адам бақилық болған. Мәселені шешу үшін Әкімшілік полиция комитеті «орташа жылдамдық» түсінігін енгізуді ұсынып отыр. Себебі көлік тізгіндегендер республикалық маңызы бар жолдарда қатты ж жүреді екен.
«Автокөліктер тек белгіленген жерлерде ғана емес, осы республикалық маңызы бар жолдардың басынан аяғына дейінгі жылдамдық режимін сақтауға тиіс. Яғни авткокөлік келе жатады да аралықтағы ғана жылдамдықты азайтады да, одан кейін қайтадан жылдамдықты асыруы мүмкін. Сондықтан орташа жылдамдық түсінігін енгіздік», – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова.
Мамандардың айтуынша, орташа жылдамдықты белгілеу мақсатында автокөлік А нүктесінен шыққан кезде оның мемлекеттік белгісі, шыққан уақыты тіркелетін болады. Бұдан соң Б пунктіне дейінгі жол ұзақтығы оның уақытына бөлінеді. Егер автокөлік белгіленген жылдамдықты асыратын болса немесе белгіленген уақыттан ерте келсе, жүйе оның жылдамдықты асырғанын автоматты түрде анықтайды. Жылдамдықты асырғандар әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылады.
Атап өту керек, биылғы 6 айда ғана 3 миллионға жуық жол жүру ережесі бұзылған.