Жүргізілетін құрылыс жұмыстары қоғамдық көліктің жұмыс кестесі мен бағыттарына еш кедергі келтірмейді
Алматының Мобилділік басқармасы жолдарды орташа жөндеудің қашан басталатынын және түрлі жұмыс түрлерімен қанша адамның айналысатынын айтты, деп жазды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Алматыда көшелерді жөндеу 15 сәуірден басталады. Жүргізілетін құрылыс жұмыстары қоғамдық көліктің жұмыс кестесі мен бағыттарына еш кедергі келтірмейді. Кептелісті болдырмау үшін тек түн мезгілінде ғана жолдарды толық жабу жоспарланған.
Қалалық Мобилділік басқармасының ақпараты бойынша ұзындығы 12 км, ал қозғалыс бөлігінің ені 18 метрге дейін баратын көшелердегі орташа жөндеу жұмыстары 15 күннен артыққа созылмайды. Оның үстіне жөндеу жұмыстары тәулік бойына жүретін болады.
Күндізгі уақытта тротуарлар жөнделеді, бұзылған арық науарлар мен бордюрлер ауыстырылады, люктарды 30-ға жуық адамдар көтереді. Ал түн мезгілінде топырақ қопсытылып, жаңа асфальт төселеді, соның арқасында кептелістің алды алынады.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мердігерлік ұйымдар арнайы қоршаулар мен өткелдік траптар, айналу белгілерін қоюға, байланыс нөмерлері жазылған нысан паспорттарын орнатуға міндетті. Әр учаскенің жөнделетін мерзімі, жұмыс істейтін техника мен жұмысшылар саны алдын ала анықталған.
Қала жолдарында қауіпсіз инфрақұрылымды және адам өлімін азайту жөнінде қабылданған «Almaty Vision Zero» іс-қимыл Жоспары бойынша орташа жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіз аймақтар құрылып, жүргінші өткелдері және басқалары абаттандырылады. Аудан әкімдіктерімен бірге ғимараттардың фасадтарын жаңарту, пайдаланылмайтын конструкцияларды, бағаналарды, қоршауларды және жүргінші өткелдерін басып алып, заңсыз салынған нысандарды сүру жоспарланған.
Бұрындары Алматы әкімі Бауыржан Байбек жөнделетін әр учаскені, оларда жұмыс істейтін техникалар мен адамдарды белгілеуді тапсырған еді. Осылайша, орташа жөндеу жұмыстары 20 тамызда аяқталатын болады. Қала тұрғындары жол жөндеу жұмыстарына қатысты өздерінің сауалдарын Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі «Almaty Zholdary» аккаунттарына жібере алады немесе +7 701 888 85 13, +7 747 605 60 57, +7 727 272 02 99 телефондары арқылы хабарласуларына болады.
Айта кетерлігі, шұңқырларды жөндеу үшін елімізде алғаш рет МЖӘ бойынша төрт компаниямен 4,5 жылдық мерзімге келісім жасалған болатын. Бұл шара ұзақ мерзімді болашақта жолдарды тез жөндеуге және дұрыс жағдайда ұстап тұруға оң ықпалын тигізетіні анық.
Жалпы, биылғы жылы 120-дан астам көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүреді, қаланың 14 ықшам ауданында 456 жаңа көшелер салынады. Бұлардан өзге, 600 шақырымнан астам инженерлік желілер мен 700-ге жуық ескі аулаларды реконструкциялау жоспарланған. Қаланың шет аймақтарындағы бірқатар саябақтар,скверлер мен жүргінші өткелдері абаттандырылады. Қауіпсіз қала кеңістігін қалыптастыру үшін қаланың 120-дан астам көшесіне жаңа LED-шамдары қосымша орнатылады.