Өңірлерде қосымша орталықтар ашу жұмысы жүргізіліп жатыр
Елімізде жүргізуші куәлігін алғандар саны 58%-ке қысқарған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» КЕАҚ-ның Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндай көрсеткішке теориялық емтихан тапсыратындар үшін арнайы биометриялық жүйенің енгізілгені әсер еткен. Алайда жүргізуші куәлігін беру процедурасының қатаңдатылуы мамандандырылған ХҚО-да кезекті көбейткенін айтады. Себебі бірінші емтиханнан сүрінген курсанттар сынақтан өткенше, орталыққа бірнеше рет келеді. Сондықтан жүктемені азайту үшін өңірлерде қосымша орталықтар ашу жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Сіздер білесіздер, жүргізуші куәлігін алу үшін алдымен теориялық емтихан, содан кейін практикалық емтихан тапсыруы қажет. Біз қазір автодром паркін жаңартып жатырмыз. Енді кішігірім апат болған күннің өзінде автокөлік курсант емтиханды тапсырды ма, жоқ па, дұрыс көрсетеді. Жаңа автодромдар GPS арқылы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 14 мамандандырылған ХҚКО жаңғыртылған», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.