Биыл қоғамдық көліктер қатары жаңа техникамен толығады
Елімізде қоғамдық көліктердің тең жартысына жуығы тозған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әбден ескірген автобустар Петропавл, Талдықорған, Орал мен Қостанай және Өскемен қаласында тұрғындарды тасымалдайды.
Елордалықтар қатынайтын №96 бағытта 880-нен астам автобус бар. Олардың 71-і қалалық, ал 25-і қала маңына жүреді. Күнделікті 60-70-ке жуық қоғамдық көлік қысқа мерзімді жөндеуге қойылады екен. Бірінің есігі бұзылып, тағы бірінің қозғалтқышы істен шығады дейді көлікті үйлестіру департаментінің өкілі.
«Қала бойынша жылжымалы құрамның жалпы саны 1129 автобус. Күнделікті 60-70-і қысқа мерзімді жөндеуде тұрады. 15-20 автобусқа жуығы орташа жөнделді. Айтарлықтай еңбек шығынын, қосалқы жұмысты қажет етеді», – деді қалалық көлікті үйлестіру департаментінің техникалық мониторинг бойынша бағыт басшысы Манарбек Құлмұқан.
Бұл бір елордадағы жағдай. Ал елде қазір 10 мыңнан астам қоғамдық көлік бар. Оның 46 пайызын жаңарту керек. Жауапты министрлік паркті жаңартудың негізгі жолы тасымалдаушы кәсіпорын шығынын субсидиялау дейді. Осы бағытта соңғы 3 жылда қазынадан 79 млрд теңге қаржы бөлініп, жеңілдетілген лизингпен 2300-ге жуық автобус алыныпты.
«2018 жылы субсидияға 18 млдр теңге бөлінген болса, биыл 109 млрд теңге бөлінді. Қуанышты жағдай. Бірақ тасымалдаушылар шығынын жабуға мүмкіндік бермейді. Біріншіден, тасымалдаушылар көлігін жаңартуға мүмкіндік жоқ, екіншіден, автобустың кешікені жайында халықтан шағым түседі», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы Селим Қуанышұлы
Тозығы жеткен автобустардың зардабын қарапайым халық тартып келеді. Тұрғындардың айтуынша, жазда ыстық, ал қыста керісінше тоңып қалады. Көңіл көншітпей тұрған тағы бір тұсы – қоғамдық көліктің уақытылы келмеуі. Елордалықтардың айтуынша, күніне кем дегенде 40-50 минут аялдамада өткізеді.
«Күнде әртүрлі жағдайда автобусты тосып қаласың. Күткен сайын адам да көбейіп, сыймайды. Сондықтан қысылып, ыңғайсыз жағдай болады», – деді қала тұрғыны Ділназ Мәкенова.
«Әрине, күтіп қалатын кездер болады. 20 минуттан асып кетеді. Кешке адам көбейген кезде лық толып кетеді. Қиындық туғызады», – деді қала тұрғыны Әйгерім Қуанышева.
Министрлік өңірлерде автобус парктерін жаңарту бастамасын қолға алыпты. Ол бойынша биыл қоғамдық көліктер қатары 1000 су жаңа техникамен толығады. Автобустар моно қалалар мен аудан аралықтарына қолданысқа берілмек.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан