2020-2022 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін жоғарылатуға бағытталған «Жол картасы» әзірленді
Апаттардың салдарынан 1019 адам мерт болып, 4311 адам жарақаттанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы көңіл көншітпейтін статистиканы төмендету мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның ІІМ-мен бірлесіп, 2020-2022 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін жоғарылатуға бағытталған «Жол картасын» әзірледі. Құжат нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге, жол қозғалысын ұйымдастыруға, ЖКО алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға, сондай-ақ, ақпараттық жүйелерді дамытуға бағытталған 49 шараны қамтиды.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігі тұрғысындағы автомобиль жолдары саласының нормативті-техникалық базасын жақсарту бағытындағы шаралар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Осылайша бүгінгі таңда Қазақстанда «Қателер жасауға мүмкіндік беретін жол» деп аталатын шведтік жүйе енгізілуде. Сонымен қатар, жүзден астам нормативті-техникалық құжатқа өзгерістер мен толықтыруларды енгізу көзделген.