Индустрия министрлігі көлік жүргізушілеріне ұзақ сапарға шығудан бас тартуды ұсынды
Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
26 желтоқсан күні сағат 11:30-дан бастап Алматы облысында тұман түсуіне байланысты "Алматы-Өскемен" автожолының 76-161 шақырымында, Қапшағай қаласы мен Сарыөзек елді мекені арасындағы учаскеде көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында 25 желтоқсанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 20:05-тен бастап бұрқасынға және жолдың нашар көрінуіне байланысты Орал – Тасқала – РФ шекарасы автожолының 4-104 шақырымында, Орал – РФ шекарасы учаскесінде көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында индустрия министрлігі көлік жүргізушілеріне ұзақ сапарға шығудан бас тартуды ұсынды.
Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда 1403 телефоны арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласуға болады.