Алматыда Рысқұлов пен Құлжа автожолдары қиылысындағы жолайрық пайдалануға берілді

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Бір тәулікте Құлжа тасжолы арқылы Алматыға 40 мыңнан астам көлік кіреді екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін ұзындығы 857 метрге созылатын эстакаданың бір бөлігіндегі қозғалыс қана ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – оңтүстік-батыс бағыттағы, яғни Алматыға қарай жүретін жол. Енді сол маңдағы «Қайрат» және «Атырау» шағынауданы мен облыс тұрғындарының қалаға келуі оңайлады. Бұдан былай жолаушылар ұзын-сонар кептелісте тұрмай, діттеген жеріне жылдам жетеді. Құрылысы 2017 жылы басталған жаңа эстакаданың сапасын қала әкімі Бауыржан Байбек тексерді,

Шаһар басшысы жаңа тораптың маңызын айтып, ары қарайғы құрылысты мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Көлік торабының екінші бөлігі, яғни қаладан облысқа бағытталатын қозғалыс келер айда ашылады. Ал құрылыс жұмыстары толығымен қараша айында аяқталады деп күтілуде.

«Бұрын бұл жерде бағдаршам болған. Ал бұдан былай оның керегі жоқ, себебі көліктер ешқандай кедергісіз эстакада арқылы өтетін болады. Жолайрық толық аяқталса, онда біз Құлжа күре жолының көлік қозғалысын 10 пайызға, ал Рысқұлов даңғылындағы қозғалысты 15 пайызға дейін арттырамыз деп отырмыз», – деді Алматы қаласы мобилділік басқармасының басшысы Сағындық ТЕЛІБАЕВ.

Бұл жол әуежай мен қаланы қосады. Бір тәулікте Құлжа тасжолы арқылы 40 мыңнан астам көлік Алматыға кіреді екен. Сондықтан жүргізушілер тарапынан кептеліске қатысты шағым да көп түскен көрінеді. Енді «эстакада толық қолданысқа берілгенде, жүргізушілер уақыттарын екі есе үнемдейді» дейді мамандар.

Бұған қоса, жолайрық маңында көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, 700-ден астам жасыл желек отырғызылады. Құрылыс жұмыстарының арқасында 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал, эстакаданы тұрғызуға 90 пайыз қазақстандық құрылыс материалдары пайдаланылған.

«Эстакаданың құрылысы өте сапалы және ең бастысы қауіпсіз. Ол тіпті 9 баллдық жер сілкінісіне дейін төтеп береді. Көпірге италиялдық тіреуіш бағандар қойдық. Егер жер сілкінісі немесе ауыр салмақтан жолда жарық пайда болса, тіреуіш бағандары көпірді бұрынғы қалпына келтіреді. Бұл – жаңа технология. Ал жол тұтас монолитті жабынмен жасалған», – құрылыс нысанының басқарушы директоры Фариз ТУТАДЗЕ.

Новости партнеров