Полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады
Бұдан былай жүргізуші куәлігін көрсету міндетті болмауы мүмкін. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасын іске асыруға және жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіріп, жол-көлік құралдарының тиімді әрі қауіпсіз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Бірақ ескеру керек, заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды.
«Заң жобасында Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін норманы қолданыстағы заңнамадан алып тастау көзделіп отыр. Яғни, автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынып, сол жеке куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров.