LRT-ның қорытынды құны 1,5 миллиард долларды құрайды
Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысын аяқтау үшін қаражат қайдан алынады? Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін кулуарда елорда әкімі Алтай Көлгінов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазіргі уақытта бүкіл үкіметтік қаулылар қабылданды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да тиісті құжаттамалардың барлығы бекітілді. Енді біз екінші деңгейлі банктермен жұмыс жасап жатырмыз. 3 пайызбен келістік. Алдағы уақытта жұмыс бастаймыз. Қазір «Халық банк» пен «Бәйтерек» холдингі келісіп отыр. Нәтижесінде 500 миллион АҚШ долларын «Халық банкі», 100 миллион АҚШ долларын «Бәйтерек» холдингі беретін болды», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысын сынға алған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, түсінікті әрі қолайлы көліктің орнына қымбат жоба ұсынылған. Бұдан соң «Астана LRT» бұрынғы басшысына іздеу жарияланған еді. Ал, бүгін қала әкімі Алтай Көлгінов аялдамалар, станциялар мен жер асты өткелдердің саны қысқартылып, LRT-ның қорытынды құны 1,5 миллиард долларды құрайтынын айтты.