Алматыда қоғамдық көлікті дұрыс жүргізбей, жолаушылар атынан шағым түскен жүргізуші қара тізімге енеді. Одан кейін ол басқа автопарктерге жұмысқа тұра алмай қалуы мүмкін. Бұл қалада жүргізіліп жатқан көлік реформасының арқасында деп отыр мамандар. Қалада қоғамдық көліктің қанша пайызы жаңарды? «Оңай» төлем жүйесі көлеңкедегі қаражатты шығара алды ма? Almaty.tv тілшісі Азамат Әуезхан айтып бермек.
Алматыда қоғамдық көлік биыл 100 пайызға жаңарады. Қазір ол 90 пайызды құрайды. Енді 2019 жылы 250 жаңа автобус сатып алу көзделіп отыр. Осылайша, қала тұрғындары жайлы қыста жылы, жазда салқындатқышы бар автобустармен қатынайды. Оған қоса, жол жүру барынша қауіпсіз болуы үшін әр қоғамдық көлікке валидатор орнату көзделген. Бұл құрылғы қолма қол төлем жүргізілген кезде билет беруге арналған. Аталған жаңашылдықтың барлығы 3 жыл бұрын қолға алынған көлік реформасы негізінде жүзеге асты.
«Қазір тасымалдаушылар қаражаттан қиыншылық көрмейді. Алматы әкімдігі бөлетін субсидияның арқасында шығындар жабылып жатыр. Бұрын заңбұзушылықтар жиі орын алатын, оны мойындау керек. Себебі, барлық автопарктер көбірек ақша жасауға тырысатын. Содан бәсекелестік пайда болып, жолаушыларға талас болды. Бүгінгі таңда ондай үрдіс бізде жоқ. Біз енді тек сапаға ғана жұмыс істейміз. Дегенмен, қолма қол төлем жүйесі бар. Жүргізушілер болса кондуктор қызметін де атқарады. Сондықтан, жол кезінде алаңдамауы тиіс», – деді «Алматыэлектротранс» ЖШС директоры Ризван ЦИНАЕВ.
Қолға алынған реформаның арқасында жүргізушілердің жалақысы да өскен. Қоғамдық көлікті заңбұзушылықсыз басқарып, жолаушылардан алғыс алған жүргізушілерге автопарктер мереке сайын сыйақы береді. Ал дөрекілік танытатындар қаза тізімге енеді. Кешенді бағдарламаның арқасында қоғамдық көліктердің сапасы мен жүргізушілердің кәсіби деңгейі артты дейді Ризван Цинаев.
«Бізге уақыт қажет. Жүргізушілер арасында мәдениет қалыптастырып, жаңа ереже бойынша жұмыс істеу мақсатында курстан өткізіп жатырмыз. Қазір Алматыда мамандардың деңгейін өсіретін жаңа орталық бар. Онда автобус жүргізушілер қайта оқудан өтеді. Олар үшін де бар жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Олардан күтетініміз - жол жүру ережесін сақтау, өзін әдепті ұстау болып отыр», – дейді РИЗВАН ЦИНАЕВ.
Сарапшы Елена Ерзакович Алматыдағы қоғамдық көлік сапасы анағұрлым жақсарды дегенді айтады. Оның сөзінше, қала көшелеріндегі жаңашылдықты Еуропаның қалалары да мойындап отыр. Сондай-ақ, тасымалдаушылардың нарықта тек ірісі қалған. Бұл да сапаға жұмыс істейтінді меңгейзейді дейді маман.
«Ұсақ тасымалдаушылар ірілену керек екенін түсінді. Өйткені, олар стандарттарға сай жұмыс істей алуы екіталай. Мамандарды оқыту, жаңа автобустар сатып алу деген сияқты жұмыстарды атқаруға шамалары келмейді. Қазір олардың ірілері ғана нарықта қалып, бәсекеге қабілетті бола білді. Олар енді өз бас пайдасына емес, жолаушыларға жұмыс істеуді бастады. Сондай-ақ, жолаушылар да сапаға мән беруді қолға алды. Олқылықтар болса бірден хабарлап, оны жоюға білек сыбана кірісті. Осының барлығы көлік реформасының арқасында деп айтар едім», – деді көлік саласының сарапшысы Елена ЕРЗАКОВИЧ.
Алматы қаласы жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының қауымдастығы биыл өзге жылдарға қарағанда аз шағым түскенін айтады. Себебі, автобустар жаңа болғандықтан қала тұрғындары тарапынан ешқандай көңіл толмаушылық болмады деп отыр.
«Қазір жүргізушілер бірінің артынан бірін қумайды. Диспечерлік қызметтің арқасында. Автобус жүргізушілері де осы жүйені ұстанатын болды. Сәйкесінше көлік апаттары да сиреді», – деді Алматы қаласы Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы Дана АХАТОВА.
Қалада электронды төлем жүйесі енгізлгенде алматылықтар біраз шулап еді. 2016-шы жылы жүйе толық іске қосылды. Қазір «Оңай» жүйесісіз арқылы қоғамдық көлікті елестету қиын.
«2016 жылы нарық айналымы 700-800 миллион теңгені құраса, 2017 жылы 1,5 миллиардқа бір-ақ өсті. Бұл бір айдағы айналым. Қазір екі миллиард теңгеге қол жеткіздік», – деді «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС директоры Садир ХАМРАЕВ.
Ал автобустарды Еуро-5 стандарты бойынша жаңалау қала тұрғындары мен табиғат жанашырларының талабы екенін ескеру қажет.
«Көлік құралдарының ауаны ластау көрсеткіші негізі 70-80 пайызды құрайды. Қазір, өздеріңіз байқасаңыздар, қала көшелеріндегі көліктердің барлығы соңғы үлгідегі Еуро-5, Еуро-6 стандарттарына жауап береді. 89-шы жылдары атмосфераның ластану индексі 18-22 болса, қазір 8,5-9-ды құрап отыр», – дейді «Қазэкология» орталығы директорының орынбасары Николай ПОПОВ.
Азамат Әуезхан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы