Бұл туралы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы хабарлады. Оған мердігер компания мен мұндағы құрылыстың жүргізілуіне кедергі болып тұрған жанар-жағармай бекетінің арасындағы жағдай себеп. Одан бөлек, жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілмеген қосымша жұмыстардың шығуы, құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жол әлі күнге дейін біткен жоқ, таңертең бәрі жұмысқа, сабаққа кешігеді. Мына жерден өту мүмкін емес. Жұмыстан 7.30-дарда шығамыз, түнгі 22.30-да барамыз үйге. Көріп отырсыздар ғой жолдың кептелісін», - деді тұрғындардың бірі.
«Қаладан шығатын болсақ, Іргеліге дейін кемінде жарты сағат, 40 минутта жетеміз. Жолдың тұрысы мынау», - деді келесі бірі.
«Алтын Ордаға» келу үшін біз 1 сағат, 2 сағат жүріп келеміз. Жүрмейді, жол тар», -деді үшінші бірі.
Қазір Алтын Орда маңындағы айналма жолдың құрылысы 70 пайызға аяқталды. Жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне кедергі болып тұрған нысандардың бірі – жанар-жағармай бекеті. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, оның иесі әкімдік тарапынан бағаланып белгіленген ақшамен келіспей, одан екі есе көп қаражат сұрап отыр
Осылайша, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы «Алтын орда» маңындағы күрделі жөндеу жұмыстары қарқынының баяулап қалғанын бірнеше себептермен түсіндірді. Оның бірі – жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілмеген қосымша жұмыстардың шығуы. Демек, 2017 жылы жасалған жобалық-сметалық құжатқа жол бойына салынған мына жаңа нысандар кірмеген. Бұл өз кезегінде халықтың ыңғайлығы үшін жасалатын аялдамалардың орналасуын, қосымша кіріп-шығу жолдарының бағыт-бағдарын өзгертуге себеп болып отыр. «Әйтсе де, қазір жұмыстардың біразы жасалып қойды», - дейді компания өкілдері.
«Айналма эстакаданың бетонын құйып, біз биыл бітіруге тырысып жатырмыз. «Апорт» және «Алтын орда» базары маңындағы жаяу жүргіншілер жолының жүру бөлігін дайындап, басқа металлоконструкция дайындайын зауытта жасалып жатыр. Біреуі 100 пайызға дайын, екіншісі 70 пайыз дайын. Жыл соңына дейін оны да бітіруді жоспарлап отырмыз», - деді «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат АҚЫЛТАЕВ.
Қала әкімдігі де мұндағы жолдың құрылысына «Қазавтожол» компаниясы жауапты деп отыр. Ал Алматы қаласының балансына берілу жағдайы тек құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін белгілі болмақ.
«Қазір Райымбек даңғылы, Ташкентский тракт жолы республикалық маңызы бар болғандықтан, Алматы қаласының балансына кірмейді. Бұл «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның балансында болғандықтан, олар қазір реконструкция жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарының қашан аяқталатыны бізге белгісіз. Өйткені тапсырыс беруші сол мекеме», - деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бас маманы Айдын ТОЙБАЗАРОВ.
Құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне себеп болған тағы бір жайт – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Мысалға алсақ, 2017 жылы жасалған жобалық-сметалық құжатта көрсетілген битум бағасы қазір 2 есеге шарықтаған. Бұл өз кезегінде мердігер компанияның қаржылық қиындықтарға тап болуына әкеп соқтырған. Дей тұрғанмен, компания өкілдері тұрғындардың бұл жағдайларға түсіністікпен қарауын сұрайды.
«Бұрынғы жолды қазіргімен салыстырсақ, 4 жолақты жол болған, қазір де солай. Біз ешқандай шектеу қойған жоқпыз, жолды жапқан жоқпыз. Керісінше, жүру жолақтарын көбейтіп жатырмыз», - деді «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат АҚЫЛТАЕВ.
Компания тарапынан қажетті іс-шалар жасалып жатыр. Биылғы жоспардан қалып жатқанымен, барлық жұмыстарды келісім-шарт және жоспар бойынша 2020 жылдың соңында аяқтау көзделіп отыр.
Сая Меңдеке, Әсет Құндақбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.