Алматыда биыл 25 адам жол апатына түсіп, екеуі көз жұмған
Алматыда биыл 25 адам электр самокатпен жол апатына түсіп, екеуі қаза тапқан. Тағы 27 адам түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жастар арасында зор сұранысқа ие болған транспорт түрі жиі кездеседі. Осыны алға тарта отырып, Алматыдағы Энергетика және байланыс университетінің студенттері «Қауіпсіз жол» самокаттар шеруін өткізді. Мұндағы мақсат – студенттердің жол ережесін сақтауын қадағалау.
– Біз 1-4 курс студенттері арасында 35-ке жуық адамды таңдап алдық. Самокат мәселесі өзекті, студенттер жеткізу қызметін атқарады әрі университеттен жатақханаға электрсамокатпен барады, – деді Алматы энергетика және байланыс университеті Жастар саясаты департаментінің директоры Елікбай Қаби.
Арнайы науқан барысында жастарға самокатпен жүрудегі қауіпсіздік ережелері жіті түсіндірілді. Кейін қатысушылар арнайы қорғаныс киімдерін киіп, қала көшелеріне шеруге шықты.
Айта кетейік, арнайы веложолақта бұл транспорт түрі жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан асырмауы керек. Ал тротуар мен жаяу жүргіншілер жолағындағы жылдамдық 6 шақырым болуы тиіс. Соңғы қабылданған заң бойынша самокат мінушілерге арнайы каска және жылтыр жолақты киім кию міндеттелді.
– Мен самокатты аптасына 3-4 рет қолданамын. Өте ыңғайлы көлік түрі. Студенттер көбінесе жол ережесін сақтамайды. Соның кесірінен көптеген жол апаты болып жатыр. Жаяу жүргіншінің жолында жаяу адам жүруі тиіс, – дейді студент Дамир Халелов.
Оқи отырыңыз: Электр самокат туралы заң күшіне енді